2025 жылғы 28 қазандаФинляндия Президенті Александр Стуббтың Қазақстанға алғашқы ресми сапары аясында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Олардың ішінде – Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен «Дағдарысты басқару бастамасы» Мартти Ахтисаари Бейбітшілік Қоры (Crisis Management Initiative – Martti Ahtisaari Peace Foundation, CMI) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
Қол қойылған құжаттармен алмасу рәсімі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Финляндия Республикасының Президенті Александр Стуббтың қатысуымен өтті. Меморандумға ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов пен Марти Ахтисаари Бейбітшілік Қорының бас атқарушы директоры (CEO) Янне Таалас қол қойды.
Аталған келісім ғылыми-сараптамалық диалогты дамыту, бірлескен зерттеулер жүргізу және білім беру бастамаларын іске асыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде Қазақстан мен Финляндия арасындағы өзара түсіністік пен тәжірибе алмасуды нығайтуға ықпал етпек.
Финляндияның бұрынғы президенті және Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Мартти Ахтисаари негізін қалаған Бейбітшілік Қоры – әлемдік деңгейде қақтығыстардың алдын алу және оларды диалог пен делдалдық арқылы реттеу саласында жетекші ұйымдардың бірі.


