Қазақстан мен Малайзия арасындағы ынтымақтастық тереңдей түсуде. Ақпараттық технологиялар, білім беру, туризм, энергетика және ауыл шаруашылығы сияқты бағыттар бойынша жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Қазақстан АСЕАН елдерінің нарығына Малайзия арқылы, ал өз кезегінде Малайзия біздің транзиттік әлеуетіміздің көмегімен Орталық Азияға қол жеткізе алады.
Екіжақты қатынастарды дамыту векторы интеллектуалды салада ынтымақтастық орнатуға бағытталды. Бүгін екі елдің премьер-министрлерінің қатысуымен өткен форум аясында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Малайзияның стратегиялық және халықаралық зерттеулер институты (Institute of Strategic and International Studies Malaysia) арасында Меморандумға қол қойылды. Малайзияның стратегиялық және халықаралық зерттеулер институты – мемлекеттік құрылыс бойынша маңызды ұсыныстардың жасайтын елдің негізгі талдау орталығы, Азия-Тынық мұхиты қауіпсіздік ынтымақтастығы кеңесінің құрылтайшыларының бірі. АСЕАН Стратегиялық және халықаралық зерттеулер институты, Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы кеңесі және Шығыс Азия талдау орталықтары желісі (NEAT) арқылы аймақтық интеграция мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтады.
Институт төрағасы Мохд Фаиз Абдуллахпен кездесу барысында ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов талдау институттарының ынтымақтастығы елдер арасындағы ғылыми және сараптамалық байланыстарды дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Мұндай байланыс – ҚСЗИ-ның Малайзия сияқты аймақтық middle power-мен байланыстарды белсенді дамытуға бағытталған жұмысының бөлігі.