2025 жылғы 16 қазанда Astana Think Tank Forum 2025 аясында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен Пәкістанның Халықаралық стратегиялық зерттеулер орталығы басшылығының кездесуі өтті. Кездесудің нәтижесіде ҚСЗИ мен Пәкістанның Халықаралық стратегиялық зерттеулер орталығы арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Кездесу барысында ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов пен Пәкістанның Халықаралық стратегиялық зерттеулер орталығының атқарушы директоры Али Сарвар Накви екіжақты күн тәртібіндегі ауқымды мәселелерді талқылап, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы байланыстарды тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.
Жандос Шаймарданов өз сөзінде Қазақстанның Пәкістанды Оңтүстік Азиядағы стратегиялық географиялық орналасуы және айтарлықтай экономикалық әлеуеті бар басты серіктестердің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті.
«Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы сауда-экономикалық және көлік-логистикалық өзара әрекеттестікті дамыту – екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі. Екі елдің экономикалары бірін-бірі толықтыратын сипатқа ие: Қазақстан транзиттік және сауда байланыстарын кеңейтуге айрықша мән берсе, Пәкістанда энергетикалық ресурстарға деген тұрақты өсіп келе жатқан сұранысқа байланысты оларды импортына қызығушылық танытады», – деді Ж. Шаймарданов.
Сондай-ақ тараптар Ауғанстанның Орталық және Оңтүстік Азияны байланыстыратын негізгі транзиттік буын ретіндегі рөліне және осы ел аумағындағы инфрақұрылымдық әрі экономикалық бірлескен жобаларға қатысу перспективаларына тоқталды.
ҚСЗИ мен Пәкістандық сараптамалық орталық басшылығы Қазақстан мен Пәкістанның ғылыми-сараптамалық қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды. Тараптардың пікірінше, сарапшылардың белсенді өзара іс-қимылы, пікір және зерттеу тәжірибесімен алмасу екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті кеңейту бағыты бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеуге, сондай-ақ экономика, көлік және қауіпсіздік салаларындағы бірлескен бастамаларды ілгерілетуге мүмкіндік береді.


