2025 жылдың 27 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Шығыс Ресей, Орта Азия және Закавказье бойынша EBSCO өкілі Александр Рытовпен кездесу өтті.
EBSCO Information Services – әлемдік ғылыми ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ететін зерттеу дерекқорлары мен кітапхана технологияларының ірі жеткізушісі. 1944 жылы құрылған бұл компания көптеген жылдар бойы әлемнің академиялық және сараптамалық қауымдастықтарына өзекті әрі сенімді ақпарат табуға көмектесіп келеді.
Іс-шара аясында EBSCO мүмкіндіктері, оның ішінде ақпараттық дерекқорлардың кең спектрі, әлемдік ғылыми ақпаратты іздеу жүйесі EBSCO Discovery Service, сондай-ақ Cambridge University Press, Oxford University Press, Sage және басқа да жетекші баспалардың материалдарына жазылу платформасы таныстырылды.
Тараптар институттың талдау әлеуетін кеңейтуге бағытталған өзара ынтымақтастықты тереңдетуге ортақ қызығушылық білдірді. EBSCO-мен ынтымақтастық институтқа өзекті ғылыми деректерге қол жеткізуге және зерттеу жұмыстарының сапасын арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
ҚСЗИ халықаралық ұйымдармен, соның ішінде EBSCO сияқты серіктестермен әріптестік орнату отандық ғылым мен талдаудың жаһандық ұстанымдарын нығайтуда, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік ғылыми қауымдастыққа интеграциялануына ықпал етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.