Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ әлеуметтанулық зерттеу нәтижелерін жариялады

ҚСЗИ әлеуметтанулық зерттеу нәтижелерін жариялады

2023 жылдың 3 мамырында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Іс-шара аясында «Қоғам келбеті: елдің даму бағытына қоғамдық көзқарас» өңірлік әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері таныстырылды. Сауалнамаға еліміздің түрлі өңірлерінен  18 жастан асқан 8000 респондент қатысты.

ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалинаның айтуынша, сауалнама face-to-face сұхбат тәсілінде 17 облыс және Астана, Алматы және Шымкент сияқты республикалық маңызы бар қалаларда жүргізілді.

img_4303

«Әлеуметтанулық зерттеудің нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің 72,0%-ы Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді («Әрине дұрыс» және «Дұрыс деуге болады» жауаптарын таңдағандар»). Сауалнамаға қатысқандардың 19,6%-ы қарама-қарсы позицияны ұстанады. Жауаптардың табыс деңгейімен корреляциясы байқалады – материалдық табыс деңгейі неғұрлым жоғары болса, респонденттер елдің дамуының жалпы бағытын дұрыс қабылдауға бейім болады және керісінше – табыс деңгейінің төмендеуімен сыни бағалаулардың үлесі артады», – деді Алуа Жолдыбалина ОКҚ-да өткен брифингте.

Өңірлік бөліністе Қызылорда облысының (85,5%), Ұлытау (79,0%), Батыс Қазақстан және Қостанай (77,3%) облыстарының респонденттері елдің даму бағытына оң баға береді.

«Респонденттер барлық саяси институттардың арасында ел Президентіне ең көп сенім білдіреді – 84,2% («Иә, сенемін» және «Сенемін деуге болады» жауаптарын таңдағандар). Ел Президентіне Ұлытау (91,8%), Қызылорда (91%) және Павлодар (90,3%) облыстарында ең көп сенім артылады. Көбінесе Президент институтына сенімсіздік Ақмола (19,8%), Жетісу (17,0%) облыстарында және Алматы қаласында (17,0%) байқалады», – деді А.Жолдыбалина.

ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаровтың сөзіне сүйенсек, сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы (47,2%) өткен жылдың ішінде өзінің материалдық жағдайының жақсару динамикасын атап өтті. Сауалнамаға қатысқандардың 13,8%-ы кері позицияны ұстанады. 37,8%-ы өткен жылдан бері олардың материалдық жағдайы өзгерген жоқ деп есептейді. Сауалнамаға қатысқандардың 1,2%-ы сұраққа жауап бере алмады.

img_4315

«Әлеуметтік оптимизм деңгейі (алдағы жылы жақсы өмірді күту) үміттендіреді. Жалпы алғанда, 63,8% алдағы жылы отбасыларының өмірінің айтарлықтай (35,6%) немесе орташа (28,2%) жақсаруын күтеді. 21,5% олардың жағдайы алдағы жылы өзгеріссіз қалады деп санайды. Сауалнамаға қатысқандардың 5,9%-дан астамы өз жағдайының нашарлауын күтеді. 8,9% сұраққа жауап бере алмады», – деді Е.Тоқтаров.

Сондай-ақ брифинг барысында елдегі жаңалықтардың негізгі көздері ретінде халық бірдей жиілікпен  теледидар (46,3%) мен әлеуметтік желілерге (46,1%) сүйенетіні анықталды. Бұл ретте, қазақстандықтардың медиа-қызығушылықтарының жас бойынша ерекшеленуі байқалады. Аға буын өкілдері теледидарды (77,0%), жастар әлеуметтік желілерді (58,9%) жаңалықтар көзі ретінде жиірек таңдайды.

Жалпы сауалнама нәтижелеріне сүйенсек, 46,7% елдегі оқиғалар туралы жаңалықтарды үнемі қадағалап отырады. Халықтың одан біршама аздау бөлігі (43,0%) жаңалықтарды мезгіл-мезгіл, арасына уақыт салып бақылап отырады. Сауалнамаға қатысқан әрбір оныншы адам (10,0%) жаңалықтарға мүлдем қызығушылық танытпайды. Соңғыларының ішінде материалдық табысының деңгейі төмен азаматтар жиі кездеседі.