ҚСЗИ сараптаманы тек жедел және түсінікті ғана емес, сонымен қатар зияткерлік тұрғыдан адал әрі сапалы ету қағидатын ұстанады. Осы себепті институт қызметкерлері материалдары құпия рецензиялаудан өтетін және халықаралық деректер базасына кіретін академиялық журналдарда ғылыми мақалалар жариялайды.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Забирова авторлар тобымен бірге «Постатеистік Қазақстандағы діни сенімге әлеуметтанулық зерттеу» («Sociological Study of Religiosity in Post-Atheist Kazakhstan») атты мақаласын Scopus деректер базасында Q1 санатына кіретін Frontiers in Sociology журналында жариялады.
Зерттеу қазіргі Қазақстандағы діннің рөлі мен функцияларының өзгеруіне арналды. Бұл өзгерістер қоғамның идеологиясы мен құндылықтар жүйесіндегі ауқымды өзгерістерді көрсетеді. Авторлар елдегі діни кеңістікті қалыптастыратын негізгі факторларды талдай отырып, исламдану үрдісінің күшейіп келе жатқанын атап өтеді.
Зерттеудің басты назарында – қазақстандықтардың күнделікті діни тәжірибесі: діни рәсімдерге қатысу, діни әдебиеттер оқу және дін тақырыбында пікір алмасу. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, халықтың басым бөлігі өздерін діндар деп есептегенімен, күнделікті діни шаралармен айналысатындар санының аз екені байқалды.
Ғалымдардың пікірінше, Қазақстан мұсылмандары үшін ислам көбіне мәдени және дәстүрлік құндылық ретінде қабылданады және ол күнделікті өмірдің маңызды құрамдас бөлігі болудан гөрі символдық мәнге ие.
Мақаланың толық мәтінімен келесі сілтеме арқылы танысуға болады: https://www.frontiersin.org/journals/sociology/articles/10.3389/fsoc.2025.1609030/full?utm_source=email-sig&utm_medium=email&utm_content=500_VIEWS&utm_campaign=imp_mile_2024_fall_en_aut-ww