2025 жылғы 28 мамырда Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) «Astana International Forum 2025» қарсаңында ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов пен Канаданың «Бейбітшілік және дипломатия институтының» (Institute for Peace & Diplomacy) директоры Юнес Зангиабади арасында кездесу өтті.
Бейбітшілік және дипломатия институты (Institute for Peace & Diplomacy) – Канада мен АҚШ-та жұмыс істейтін, халықаралық қатынастар саласында зерттеу жүргізетін Солтүстік Американың тәуелсіз аналитикалық орталығы. Оның негізгі мақсаты — халықаралық диалог пен дипломатияны дамыту. Институт 2019 жылы құрылған, бас кеңсесі Торонто қаласында (Канада), ал қосымша кеңсесі Вашингтонда (АҚШ) орналасқан.
Кездесу барысында тараптар орта державалардың рөлі мен көпжақты дипломатияның өзектілігін атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Канада арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Білім беру саласындағы әріптестікті кеңейту мүмкіндіктеріне де ерекше назар аударылды.
Тараптар халықаралық қатынастар мен тұрақты даму салаларында екі институт арасында сараптамалық ынтымақтастықты жолға қоюға мүдделілік білдірді.


