2024 жылғы 25 қыркүйекте ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-да Франция әскери академиясының стратегиялық зерттеулер институтының (IRSEM) сарапшысы Селин Маранжемен кездесу өтті.
Қатысушылар қауіпсіздік саласындағы жаһандық және өңірлік сын-қатерлерге, әлемдегі геосаяси өзгерістерге қатысты өзекті мәселелердің кең ауқымын талқылады. Селин Маранже халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша өз тәжірибесімен және көзқарасымен бөлісті, сонымен қатар IRSEM жүргізетін әскери және стратегиялық зерттеулердегі заманауи тенденциялар туралы айтты.
Өз кезегінде ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Санат Көшкімбаев Францияның маңызды стратегиялық серіктес екенін атап өтті. Ол екіжақты қатынастардың маңыздылығын ескеріп, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының қағидаттары туралы айтты. Атап айтқанда, Қазақстан түрлі халықаралық әріптестермен ғана емес, өңірлік деңгейдегі елдермен де белсенді өзара іс-қимыл жасайды. Қазіргі уақытта Қазақстан диалог пен бірлескен жобалар үшін платформалар құра отырып, көрші мемлекеттермен байланысты нығайтуға және өңірлік интеграциялық процестерді дамытуда құрылымдық рөл атқаруға ұмтылуда.
Кездесу сындарлы диалог атмосферасында өтіп, тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы зерттеу және талдау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту үшін тәжірибе мен білім алмасуға дайын екендіктерін білдірді.