2025 жылғы 28 мамырда «Astana International Forum 2025» қарсаңында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов пен Францияның жетекші сараптамалық орталықтарының бірі — «Еуропадағы болашақ пен қауіпсіздік институтының» (IPSE) директоры Эммануэль Дюпюи арасында кездесу өтті.
Эммануэль Дюпюи — Орталық Азиядағы халықаралық қатынастар мәселелері бойынша танымал шетелдік сарапшылардың бірі.
Кездесу барысында қазіргі жаһандық күн тәртібін айқындайтын негізгі әлемдік үрдістер жан-жақты талқыланды.
Сондай-ақ тараптар халықаралық дипломатияға ықпал ететін мәдени-гуманитарлық үдерістерді талдап, олардың өзектілігіне тоқталды.
Кездесу аясында сараптамалық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылып, өзгермелі геосаяси жағдайда сарапшылар қауымдастығы арасындағы диалогтың артып келе жатқан маңыздылығы атап өтілді.


