2025 жылғы 25 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсен ханыммен кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы қатынастардың қазіргі жай-күйі мен келешегін талқылады. Әсіресе, саяси диалогтың белсенділігін және екіжақты сауданың өсіп келе жатқанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ энергетика саласындағы ынтымақтастық, оның ішінде жасыл энергетика бағытындағы мүмкіндіктер мен көлік-логистика дәліздерін дамыту мәселелері қаралды.
ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов институттың Германияның жетекші талдау орталықтарымен сараптамалық ынтымақтастықты дамытуға мүдделілігін білдіріп, Герман халықаралық саясат және қауіпсіздік институты (SWP), Германияның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесі (DGAP), Шығыс Еуропа және халықаралық қатынастарды зерттеу орталығы (ZOiS) сияқты ұйымдарды атап өтті. Ол алғашқы байланыстардың 2023 жылы орнағанын да айтты.
Өз кезегінде Иверсен ханым Германияның Қазақстанды болашағы зор әріптес ретінде көретінін атап өтіп, екі ел арасындағы тұрақты сараптамалық байланыстардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Кездесу барысында Қазақстан тарапынан жыл сайын Берлинде өтетін Berlin Global Dialogue халықаралық конференциясына қатысу мүмкіндігі және Германия тарапынан биыл қазан айында жоспарланған Astana Think Tank Forum форумына қатысу мәселесі де кеңінен талқыланды.
Кездесу сараптамалық байланыстарды, экономикалық әріптестікті нығайту және халықаралық талдау алаңдарындағы бірлескен қатысу бойынша нақты бағыттарды айқындай отырып, екі тараптың ынтымақтастықты кеңейтуге деген өзара мүдделілігін көрсетті.

