Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ-да Қытайдың Қазақстандағы жаңа Елшісімен кездесу өтті

ҚСЗИ-да Қытайдың Қазақстандағы жаңа Елшісімен кездесу өтті

14 қаңтар күні Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты қабырғасында Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы жаңа тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чунлинмен кездесу өтті. Қытай делегациясының құрамында саяси бөлімнің басшысы Хань Лэй, атташе Ван Биюэ және Елшінің көмекшісі Чжоу Хуан да болды.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың түрлі аспектілері мен Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастарды дамыту перспективалары талқыланды.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов өзінің алғысөзінде сөзінде Хан Чунлинді жаңа лауазымға тағайындалуымен құттықтап, елдер арасындағы нәтижелі ынтымақтастықтың жалғасатынына сенім білдірді, әсіресе Қазақстан мен Қытайдың талдау орталықтары арасындағы өзара әрекеттестіктің қажеттігін атап өтті. ҚСЗИ директоры өткен жылдың қараша айында Бейжіңде Қазақстан мен Қытайдың талдау орталықтарының бірінші форумы өткенін еске сала отырып, екінші форумның 2025 жылы Қазақстанда болатынын хабарлады.

Өз кезегінде Елші Қытай мен Қазақстан ортақ тарих пен даму мүдделері біріктіретін стратегиялық әріптестер және көршілер екенін атап өтті. Елші энергетика, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым сияқты түрлі салалардағы, сондай-ақ жаңа энергия көздері, соның ішінде күн және жел энергиясы саласындағы ынтымақтастықты жалғастырудың маңыздылығына тоқталды.