2025 жылғы 27 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Марокконың «Atlantis» Геостратегиялық зерттеулер және әзірлемелер орталығы президенті Дрисс Беномармен кездесу өтті. 2015 жылы құрылған бұл орталық Африка қауіпсіздік форумының ұйымдастырушысы. Аталған форум аясында құрлықтың сараптамалық орталықтарының қауымдастығы – «Касабланка клубы» құрылған.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Африка елдері арасындағы екіжақты экономикалық ынтымақтастық әлеуетін талқылады. Дрисс Беномар мырзаның айтуынша, африкалық мемлекеттер үшін Қазақстанның энергетика, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылымды дамыту және цифрландыру секілді негізгі салалардағы тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырады.
Өз кезегінде ҚСЗИ директоры Еркін Тұқұмов Қазақстанның өзара қызығушылық тудыратын барлық салалар бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге ашық екенін атап өтті.
Кездесу барысында ҚСЗИ мен «Atlantis» орталығы арасындағы сараптамалық-талдамалық өзара іс-қимылды дамыту перспективалары да қаралды. Мұндай серіктестік тек Қазақстан мен Марокко арасындағы ғана емес, сондай-ақ Орталық Азия мен Африка елдері арасындағы диалогты нығайтуға және ынтымақтастықтың жаңа форматтарын әзірлеуге ықпал ете алатыны жөнінде ортақ пікір айтылды.
Бір айта кетерлігі, Марокко өз геостратегиялық орналасуын, саяси тұрақтылығын және қолайлы іскерлік климатын тиімді пайдаланып, Африка, Еуропа және Таяу Шығыс арасындағы көпір рөлін атқарып келеді. Африка құрлығындағы ең дамыған банк жүйелерінің біріне ие бола отырып, бұл ел өзін «Африканың экономикалық хабы» ретінде шетелдік инвестицияларды табысты тартып отыр.
Дрисс Беномар Астанаға 2025 жылғы 29–30 мамырда өтетін Astana International Forum форумына қатысу үшін келді. Ол «Kazakhstan and Africa: Unlocking New Frontiers of Cooperation» атты панельдік пікірталасқа қатысады.

