22 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының делегациясы сараптамалық өзара әрекеттестікті нығайту және екіжақты қарым-қатынастарды дамыту аясында Қытайдың жетекші талдау орталықтарымен бірқатар кездесулер өткізді.
ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Еуразияның әлеуметтік даму институтында өткен кездесуде басты назар өзара әрекеттестіктің маңыздылығына, ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі басым тақырыптарға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың талдау орталықтары форумының жұмысына аударылды.
ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов халықаралық саясаттың негізгі мәселелерін талқылаудың тұрақты алаңы бола алатын Форумның болашағы туралы өз көзқарасымен бөлісті. Тараптар сонымен бірге Форум аясында өзара әрекеттестікті тереңдету үшін түрлі қазақстандық және қытайлық институттарды қосу мүмкіндігін де талқылады.
Сонымен қатар талқылау барысында халықаралық өзгерістерді ескере отырып, Еуразиядағы геосаяси жағдайдың дамуының ең ықтимал сценарийлері қозғалды.
Кездесу барысында Еуразия кеңістігіндегі геосаяси жағдайдың дамуы, көршілес мемлекеттердің экономикалық және саяси дамуы, оның ішінде өңірлік бастамалар аясындағы қарым-қатынастардың келешегі, сондай-ақ орын алған шиеленістерді шешудің ықтимал тәсілдері туралы мәселелер де қарастырылды.
Қытай халықаралық проблемалар академиясында өткен кездесуде Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары, оның ішінде экономикалық және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды. Қытай тарапы ғылыми-сараптамалық орталар деңгейінде тұрақты даму және екіжақты байланыстарды кеңейту мәселелері бойынша бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екенін білдірді.
Келіссөздер барысында тараптар қазіргі геосаяси жағдай мен жаңа сын-қатерлер аясындағы халықаралық саясаттағы өзгерістер туралы да пікір алмасты.
Жалпы, сарапшылар арасындағы жүздесулер тұрақты кездесулер мен сарапшылық деңгейдегі диалогты жалғастырудың маңыздылығын растады. ҚСЗИ делегациясы қазақстандық тараптың Қазақстан мен Қытайдың талдау орталықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін бірлескен бастамаларға белсенді қатысуға дайын екенін атап өтті.