Astana International Forum алаңында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Еркін Тұқымов Руанда Республикасының сыртқы істер министрі Оливье Жан Патрик Ндухунгиремен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Руанда елінде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың тәжірибесімен бөлісті. Бұл реформалар Шығыс Африкадағы Руанданы ең қарқынды дамып келе жатқан және тұрақты елдердің біріне айналдырды.
Ндухунгире мырза Африка елдерінің Қазақстанға деген қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтті. Бұл Орталық Азия аймағы мен Қазақстанның сауда-экономикалық және саяси рөлінің нығаюымен тікелей байланысты. Мұны Африка елдерінің ресми өкілдерінің Астанаға тұрақты сапарлары дәлелдейді.
Келіссөздер барысында Қазақстан мен Руанда арасындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары қаралды. Кездесу барысында Еркін Тұқұмовтың «Жібек Жолы» телеарнасындағы «Үлкен дипломатия» авторлық бағдарламасы үшін сұхбат жазылды.
Айта кетейік, Astana International Forum аясында «Қазақстан және Африка: ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашу» атты стратегиялық сессия өтті. Қатысушылар Қазақстан мен Африка бүгінде экономикалық өсім, тұрақты даму және жаһандық тұрақтылық саласындағы ортақ басымдықтарға негізделген серпінді әріптестікті қалыптастырып жатыр. Әңгіме барысында соңғы жылдары Қазақстан Африка елдерімен ынтымақтастықты белсенді түрде кеңейтіп жатқандығы және континенттің адам және табиғи ресурстарға бай, қарқынды дамып келе жатқан экономикалық орталық ретіндегі стратегиялық маңыздылығын мойындайтыны бірнеше рет атап өтілді. Қазақстан мен Африка елдері тығыз ынтымақтастықты дамыту арқылы сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, технологиялық алмасуды кеңейтіп, болашаққа дайын тұрақты экономикаларды құруға мүмкіндік алады.