21 қарашада ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов елордаға жұмыс сапарымен келген Еуропалық Парламенттің Орталық Азия және Моңғолиямен байланыс жөніндегі делегациясының мүшесі (DCAS) Рышард Чарнецкиймен келіссөз жүргізді.
Еуродепутатты қарсы ала отырып, Еркін Тұқымов мұндай сапарлар ЕО мен Қазақстан арасындағы халықаралық процестер мен қарым-қатынастарды дамыту перспективаларына қатысты тиімді диалог құруға және пікір алмасуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Рышард Чарнецкий Қазақстанның өңірдегі көшбасшылық ұстанымдары Орталық Азия мен ЕО елдері арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын айтты.
Еуропалық Парламенттің депутаты елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың, жергілікті өзін-өзі басқару реформасының тиімділігіне назар аударды. Сондай-ақ мәртебелі қонақ парламентаралық және сараптамалық байланыстар мен коммуникацияларды нығайту үшін Еуропа елдері делегацияларының келесі жылға жоспарланған сапарлары туралы хабарлады.