Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ директоры Сенат жанындағы «Талдау мектебінде» дәріс оқыды

ҚСЗИ директоры Сенат жанындағы «Талдау мектебінде» дәріс оқыды

Сенаттың қоғамдық жобасы – «Талдау мектебінің» екінші аптасы аналитикалық жұмыс әдістерін меңгеруге арналды. Негізгі спикерлердің бірі – Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Мектеп қатысушыларына аналитикалық материалдар дайындау бойынша практикум өткізді.

ҚСЗИ директоры «Талдау мектебі» тыңдаушыларына аналитикалық жазбалар дайындау тәсілдері туралы айта келе, сапалы аналитикалық материалдың маңызды критерийлеріне ерекше назар аударды. Бұл критерийлерге деректердің объективтілігі, мазмұнның анық және қысқалығы, сондай-ақ ұлттық мүдделердің ескерілуі жатады. Сонымен қатар спикер жас аналитиктерді тым күрделі құрылымдардан және артық теориядан аулақ болуға шақырды.

Е. Тұқымов аналитикалық жұмыстың кезеңдеріне толығырақ тоқталып, материалдарды жинау мен өңдеуден бастап стратегиялық ұсыныстарды әзірлеуге дейінгі процесті түсіндірді. Қатысушылар маңызды факторларды, тәуекелдерді және үрдістерді тиімді анықтауды, сондай-ақ қорытындыларды практикалық құндылыққа ие болатындай етіп құрылымдауды үйренді.

Сонымен қатар ҚСЗИ директоры стратегиялық талдаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл талдау қысқа мерзімді шешімдер шеңберінен шығып, саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени аспектілерді жан-жақты қарауды көздейді. Мұндай тәсіл өзекті сын-қатерлерді шешуге бағытталған тұрақты ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.

 «Талдау мектебі» – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қолдауымен іске асырылатын қоғамдық жоба. Мектеп мемлекеттік басқару, ғылыми-сараптамалық қоғамдастық, азаматтық сектор, бұқаралық ақпарат құралдары және т.б. қызметіндегі талдамалық тәсілдердің сапасын арттыру ісіне үлес қосуды көздейді.

Аталған жобаны іске асыру жөнінде 2021 жылы Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубы бастама көтерді. Бастаманы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қолдады.

Қатысушыларға белгілі қазақстандық және шетелдік мемлекет қайраткерлері, сарапшылар дәріс оқиды.