Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ директоры түркі әлеміндегі тұрақтылықты нығайтудың стратегиялық бағыттарын ұсынды

ҚСЗИ директоры түркі әлеміндегі тұрақтылықты нығайтудың стратегиялық бағыттарын ұсынды

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Жандос Шаймарданов 29 қыркүйекте Баку қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы елдердің сыртқы саясатты зерттейтін ресми орталықтарының «Ғаламдық турбуленттілік кезеңіндегі ТМҰ аймақтық актор ретінде» атты 11-отырысында баяндама жасады.

Өз сөзінде ол қазіргі халықаралық жүйе геосаяси бәсекелестіктің күшеюі, жаһандық институттардың дағдарысы және кибершабуылдар мен дезинформациядан бастап климаттық және ресурстық мәселелерге дейінгі трансұлттық қатерлердің артуына байланысты терең турбуленттілік кезеңін бастан кешіп отырғанын атап өтті. Мұндай жағдайда, аймақтық ұйымдар тұрақтылықтың негізгі тірегіне айналып, ынтымақтастықтың практикалық үлгілерін ұсынып, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтады.

ҚСЗИ директоры ТМҰ-ның аймақтағы қауіпсіздік пен дамудағы рөлін күшейтуге мүмкіндік беретін үш негізгі бағытты атады:

Бірінші – байланыстылық пен инфрақұрылымды дамыту.

Ол аймақтың көлік дәліздерін «бейбітшілік дәліздеріне» айналдыруға ерекше назар аударды. Атап айтқанда, Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбітшілік декларациясының қол қойылуы Транскаспий халықаралық көлік бағыты үшін жаңа перспективалар ашады.

Екінші – энергетикалық және цифрлық ағындарды интеграциялау.

Бұл жерде «жасыл» энергетикалық кабель құру және Ақтау мен Сумгайыт арасындағы Транскаспий талшықты-оптикалық арнасын салу жобалары сөз болды. Бұл бастамаларды «Каспий–Қара теңіз энергетикалық және цифрлық дәлізі» атты бірыңғай жүйе ретінде қарастыру ұсынылды.

Үшінші – адами капиталды және мәдени интеграцияны дамыту.

Ұсыныс түркі елдерінің Бірыңғай дағдылар тізілімін құруға қатысты болды. Ол мамандардың біліктілігін бүкіл аймақта автоматты түрде мойындауға мүмкіндік бермек. Бұл еңбек күшінің мобильдігін қамтамасыз етіп, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтады. Жеке атап өтілген мәселе – креативті экономиканың ортақ бірегейлікті қалыптастыру мен радикалданудың алдын алудағы маңызы. «Бейбітшілік тек келісімдер арқылы емес, адамдардың өзара ынтымақтастығы арқылы да орнайды. Жастар өз болашағын біртұтас, заманауи әрі ашық түркі кеңістігінен көруі керек», – деді ҚСЗИ директоры.

Бакудегі отырысқа жетекші зерттеу орталықтарының, мемлекеттік құрылымдардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Пікірталас барысында саяси, экономикалық және мәдени салалардағы өзара іс-қимылдың негізгі сын-тегеуріндері мен болашағы талқыланды.

Бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту, сауданы және көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ түркі мемлекеттері арасындағы гуманитарлық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне баса назар аударылды. Қатысушылар логистика мен инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлді.

Сонымен қатар, мәдени және білім беру алмасуларын тереңдету, тарихи мұраны сақтау және ТМҰ елдерінің ортақ болашағын қалыптастыруға бірыңғай тәсілдерді әзірлеу перспективалары қарастырылды.

Отырысқа сондай-ақ ҚСЗИ-дың бас ғылыми қызметкері Санат Көшкімбаев қатысты. Ол Қазақстанның қолайлы географиялық орналасуы елге Шығыс пен Батыс арасындағы құрлық дәліздерін дамытуда маңызды рөл атқаруға мүмкіндік беретін стратегиялық артықшылық екенін атап өтті. Сарапшының айтуынша, Қытай–Еуропа бағыты бойынша барлық құрлықтық транзиттік трафиктің шамамен 80%-ы Қазақстанға тиесілі.

Сондай-ақ ол ТМҰ аясында тасымалдардың тиімділігін арттыру мақсатында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Олардың қатарында Достық–Мойынты учаскесінде екінші теміржол жол салу, Бақты–Аягөз бағытын дамыту, сондай-ақ Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарын жаңғырту бар.

Отырыстың қорытындысы бойынша қатысушылар қазіргі сын-тегеуріндерге тиімді жауап беру және аймақта ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу үшін үйлестіру мен бірлескен жұмысты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.