Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Бішкек қаласында «Орталық Азия: өзара әрекеттестік ерекшеліктері» VI Орталық Азиядағы сарапшылар форумына қатысты.
Форум аясында ол Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Авазбек Атахановпен, сондай-ақ Қырғызстан Президенті Әкімшілігінің Саяси және экономикалық зерттеулер басқармасының басшысы Алмаз Исановпен кездесті. Кездесуде Қазақстан мен Қырғызстан ынтымақтастығы мәселелері, сондай-ақ қос ел мен бүкіл Орталық Азияның байланыстарын нығайтудағы «ақыл-ой орталықтарының» рөлін арттыру қажеттілігі талқыланды.
Форумда сөйлеген сөзінде Еркін Тұқымов тұрақты даму, суды пайдалану, көліктік өзара байланыс, талдау орталықтарының өзара ынтымақтастығы және Ауғанстандағы ахуал сияқты мәселелер бойынша сараптамалық тректің жұмысын күшейтудің өзектілігіне баса назар аударды.
Орталық Азия елдері арасындағы өзара әрекеттестіктің перспективалық нысандары мен үлгілері туралы айта отырып, ҚСЗИ директоры өңірлік форматта бірлесіп жұмыс істеуге ерекше мән берді. «Орталық Азия біреуге немесе бір нәрсеге қарсы емес. Біз ортақ мүдделер мен біртұтас болашақ үшін ынтымақтасамыз. Өңір саясаты ұлттық мүдделерді өзара құрметтеуге және ОА әр мемлекеті дауысының теңдігіне негізделеді. Бұл ретте келесі маңызды қадам «өңірдің мәселелері өңір ішінде шешілуі керек» екенін түсіну», – деді Е.Тұқымов.
Институт басшысының айтуынша, Орталық Азия әлемдік қоғамдастықтың қызығушылығын арттырып жатыр. Мұны шетелдік инвестициялардың көлемімен растауға болады. «Орталық Азияның ЖІӨ-ге қатысты тікелей шетелдік инвестициялардың деңгейі әлем бойынша орташа 47% көрсеткішімен салыстырғанда 61%-ды құрайды», – деді Тұқымов. ҚСЗИ директоры бұл көрсеткіш Орталық Азия бестігі мен сыртқы серіктестер қатысуымен С5+1 форматының әлемдегі танымалдылығы артып келе жатқанын айғақтайтынына назар аударды.
Сондай-ақ Е.Тұқымов өңірде Ауғанстанның қатысуымен Су пайдалану жөніндегі жол картасын әзірлеу бойынша бірлескен жұмыс қажеттігін айтты. Оның пайымдауынша, бұл құжатқа өлшеулерді стандарттау, суды үнемдеу және суды пайдаланудың жалпы ережелерін белгілейтін технологияларды енгізу қажет. Бұл болашақта су қақтығыстарының алдын алуға ықпал етеді. «Ауғанстанның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуы Орталық Азияның көліктік өзара әрекеттестігімен тығыз байланысты», – деді Тұқымов.
Бұдан бөлек ҚСЗИ директоры өз сөзінде көлік жолдарын біріктіру тақырыбын сөз етті. Оның айтуынша, көліктік өзара байланыс сауданың дамуы мен жұмыс орындарының көбеюіне ықпал ететін болады. «Қазірдің өзінде Орталық Азияда қатты жабынды автомобиль жолдары 24,5 мың км-ге ұлғайды. Бұл елдер арасындағы сауда ағындарын ұлғайтты», – деп қорытындылады институт басшысы.
Айта кетейік, «Орталық Азия: өзара әрекеттестік ерекшеліктері» форумы өңірдің сарапшылар қауымдастығын біріктіруге арналған. Бішкектегі кездесуді Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық зерттеулер институты мен БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Бұл ОАСФ форматындағы алтыншы кездесу. Іс-шараның қорытындысы бойынша өңір мемлекеттерінің басшылары үшін практикалық ұсынымдар әзірленеді.