Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ директорының Ресей елшісімен кездесуі: сараптамалық диалогты нығайту және ынтымақтастықтың жаңа бағыттары

ҚСЗИ директорының Ресей елшісімен кездесуі: сараптамалық диалогты нығайту және ынтымақтастықтың жаңа бағыттары

2025 жылғы 8 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) директор Жандос Шаймардановтың Қазақстандағы Ресей Федерациясының Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкинмен кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар екіжақты және өңірлік өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін, стратегиялық серіктестікті дамыту және Қазақстан мен Ресей арасындағы сараптамалық ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын талқылады.

Жандос Шаймарданов Қазақстан мен Ресейдің сенім, өзара құрмет және стратегиялық серіктестік қағидаттарына негізделген сындарлы әрі прагматикалық диалог орнатып отырғанын атап өтті.

Тараптар алдағы екіжақты және көпжақты іс-шаралардың күн тәртібі бойынша да пікір алмасты. Мәдени-гуманитарлық және ғылыми-білім беру байланыстарына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қазақстандағы ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдарының қызметі мен қазақстандық студенттердің Ресейде білім алу мәселелері қарастырылды.

Кездесуде сараптамалық өзара іс-қимылдың келешегі де талқыланды. Жандос Шаймарданов ҚСЗИ-дың Ресей Ғылым академиясының Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтымен (РҒА ӘЭХҚИ), сондай-ақ Ресейдің басқа да талдау орталықтарымен белсенді ынтымақтастық орнатып отырғанын атап өтті.

Өз кезегінде Алексей Бородавкин қазақстан-ресей қатынастарының жоғары деңгейіне тоқталып, сараптамалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қолдау білдірді. Елші аналитикалық орталықтар арасындағы диалогтың екі ел арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуда маңызды рөл атқаратынын баса айтты.

Сондай-ақ ҚСЗИ директоры ресейлік елшіні Астанада өтетін Astana Think Tank Forum туралы хабардар етті. Форум аясында жетекші сарапшылар мен саясаткерлер жаһандық сын-қатерлер мен поляризациядан серіктестікке өту перспективаларын талқылайтын болады.

blank
blank