Бүгін, 13 ақпан күні, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Ақтөбе облысы бойынша өңірлік өкілі тағайындалды. Өңірлік өкіл ретінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының доценті, саяси ғылымдарының кандидаты Асхат Кеңесов бекітілді. Бұл туралы ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен өткен жиында институт директоры Еркін Тұқымов мәлімдеді.
Кездесуді аша отырып, институт директоры еліміздің өңірлерінде білікті мамандар жұмыс істейтінін атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті сарапшы өңірдегі ахуалды толық сипаттауға мүмкіндік беретін мәселелерді біледі. ҚСЗИ әлеуметтік көңіл-күйді бақылау үшін тұрақты негізде зерттеулер жүргізіп отырады еді. Алайда Институттың өңірдегі тұрақты өкілінің болуы шұғыл ақпарат алуға және талдауға мүмкіндік береді.
Жұбанов университетімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан бұл шара ҚСЗИ-дың алғашқы тәжірибесі. 30 жылдық мерейтойы қарсаңында ҚСЗИ ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтерілуде. ҚСЗИ мен Жұбанов университетінің кадрлық әлеуеті мен ресурстарын біріктіру аймақтық зерттеулерге серпін береді.
Ақтөбеге жұмыс сапар аясында сонымен қатар «ҚСЗИ GPS. Gylym. Pikir. Sayasat» сараптама алаңының «Аймақтық зерттеу: ҚСЗИ және университет ынтымақтастығы» тақырыбында кезекті отырысы өтті.