Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов пен БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі және Орталық Азиядағы превентивтік дипломатия жөніндегі аймақтық орталығының (ОАПДАО) басшысы Каха Имнадзе өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
Еркін Тұқымов өзара әрекеттестіктің қазіргі деңгейіне қанағаттанушылық танытты. «Біз бұдан кейін де өзара байланыстарымызды нығайтып, бірлескен іс-қимылды жалғастырамыз. Қазақстан Орталық Азия аймағының су мәселесі және қауіпсіздігі бойынша талқылауларға ат салысуда. Сондай-ақ ҚСЗИ аймақтық барлық тақырыптар бойынша сараптамалық талқылауларға қатысады».
Каха Имнадзе ОАПДАО өз мандаты аясында Орталық Азия мемлекеттері арасындағы сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға маңызды үлес қосып отырғанын атап өтті. «Биыл әлемде, әсіресе Қазақстанда, көптеген бағыттар өте қызықты өтуде – Қазақстан бірден бірнеше халықаралық ұйымдарға, мысалы, ТМҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ және т.б. төрағалық етеді. Біздің бағдарламаларымыз бүкіл аймақтағы өзекті мәселелерді – су ресурстарын бөлісу, климаттың Орталық Азия аймағына әсерін қарастырады. Бұл мәселелер сарапшылар деңгейінде талқылануы керек».
Кездесуге қатысушылар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға келісті және осы жазда бірлескен іс-шара – Орталық Азия сарапшылар форумын өткізу жоспарын талқылады. Кезекті, VII-шы ОАЭФ өңірді дамытудың бірқатар өзекті мәселелері бойынша бірыңғай сараптамалық ұстанымды қалыптастырудың, сондай-ақ Астанада өтетін Орталық Азия елдері басшыларының алдағы Консультативтік кездесуіне ұсынымдар әзірлеудің негізгі алаңы ретінде әрекет етеді.
Тараптар форумның күн тәртібіне жекелеген секторлардағы өңірлік ынтымақтастық мәселелерін енгізудің маңыздылығын атап өтті. Кездесуге қатысушылар форумның аймақ елдері арасындағы өзара түсіністік деңгейін одан әрі арттыруға, сондай-ақ ортақ міндеттерді шешу үшін бірлескен іс-қимылды ынталандыруға көмектесетініне сенім білдірді.