11 қараша күні Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Еуразиялық саясатты зерттеу институтымен (Оңтүстік Корея) бірлесе отырып, Қазақстан-Корея қарым-қатынасының қазіргі жағдайы және оларды одан әрі дамыту жоспарлары туралы семинар өткізді.
Корей тарапынан іс-шараға Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-ик, сондай-ақ Оңтүстік Кореяның талдау орталықтары мен институттарының өкілдері қатысты.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов өзінің алғысөзінде атап өткендей, Қазақстанды табысты экономикалық және технологиялық дамудың өзіндік «бенчмаркіне» айналып, жасанды интеллект, робототехника, биотехнология және жасыл шешімдерді қоса алғанда, адами және инновациялық дамудың жаһандық трендтерін ұсынып отырған Оңтүстік Кореяның тәжірибесі өте қатты қызықтырады.
«Сарапшылық қауымдастықтың таяу болашақтағы басты міндеті ретінде мен Оңтүстік Кореяның Қазақстан экономикасын жаңғыртуға, әсіресе шикізаттық емес секторларын дамытуға қатысу мүмкіндіктеріне тереңдетілген зерттеу жүргізуді ұсынамын. Ағымдағы жылы Корея мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Оңтүстік Кореяның «K-SILK ROAD» бастамасы іске қосылды. Оны біз арнайы сала мамандары мен сарапшыларды тарта отырып, жан-жақты зерделеуіміз керек. Сондай-ақ Қазақстан мен Кореяның арасындағы жаңа өзара тиімді жобаларының делдалы бола алатын талдау орталықтары арасында серіктестік орнатуды жөн санаймын», – деп атап өтті Е.Тұқымов.
Сондай-ақ ҚСЗИ директоры 2025 жылы өтетін «Орталық Азия – Оңтүстік Корея» саммиті қарсаңында саммит үшін нақты ұсыныстар әзірлеу мақсатында сарапшылық кездесу ұйымдастыруды ұсынды.
Елші Чжо Тэ-ик өз кезегінде Кореяның Орталық Азиямен саудасының 60 пайыздан астамын құрайтын Қазақстан аймақтағы ең маңызды сауда серіктес екенін атап өтті. Соңғы 32 жылда Қазақстанға бағытталған корейлік инвестиция 4,3 миллиард АҚШ долларынан асты, Қазақстанда 370-тен астам кореялық компания жұмыс істейді.
«Корея мен Орталық Азия арасындағы «K-SILK ROAD» ынтымақтастық бастамасының жарияланғанына бес айға жуық уақыт өтті. Сондықтан бұл семинар бізге көптеген перспективалы бағыттар бойынша екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамытуды талқылауға дер кезінде мүмкіндік береді», – деді Корея Елшісі.
Семинарды қорытындылай келе тараптар Қазақстан-Корея ынтымақтастығының экономикалық және гуманитарлық байланыстарды дамыту және нығайту, сондай-ақ жаһандық сын-қатерлерді бірлесіп шешу үшін орасан зор әлеуеті бар деген шешімге келді. Өткізілген семинарды ортақ мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам деп бағалауға болады.