Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Бойм атындағы Азия және жаһандық зерттеулер институтының (Польша) ғылыми кеңесінің мүшесі Ежи Оледзкимен кездесті.
ҚСЗИ басшысы Еркін Тұқымов 19 наурыз еліміздің саяси, экономикалық және мәдени дамуы үшін маңызды болғанын айтты. «Біз Парламенттің төменгі палатасына, Мәжіліске және жергілікті өкілді органдар – мәслихаттарға сайлау өткіздік. Бұл оқиға елімізді саяси жаңғырту процесінің аяқталуы болды. Келесі шешуші қадам экономикалық модернизация болады деп үміттенемін», – деді Е.Тұқымов.
Институт басшысы Польшаның социалистік мемлекеттен заманауи демократиялық мемлекетке трансформация, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмысы салаларындағы тәжірибесіне қызығушылық танытты.
Кездесу барысында тараптар екі елдің ішкі және сыртқы саясатының өзекті мәселелерін, академиялық ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын талқылап, талдамалық зерттеулер жүргізу тәжірибесімен алмасты.
Өз кезегінде Ежи Оледзкий Азия және жаһандық зерттеулер институтының Қытай, Үндістан, Орталық Азия және Қазақстан бағытындағы зерттеу басымдықтарының кеңеюін атап өтті. «Мен Қазақстандағы жасыл экономиканың дамуына тәнті болдым. Қазақстан Польшаға қарағанда жасыл энергияны белсенді насихаттайтыны таңғалдырды. Әрине, уранның табиғи қорлары мен басқа да ресурстар Қазақстан үшін экологиялық қауіпсіз энергия көздеріне көшуді жеңілдетеді».
Қорытындылай келе, Еркін Тұқымов саяси және экономикалық реформаларды жүргізу тәжірибесімен алмасу мақсатында дөңгелек үстелдер, сараптамалық талқылаулар форматында іс-шаралар өткізуді ұсынды.