Бүгін ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының өкілдерімен кездесу өтті. Тараптар келешектегі ынтымақтастық пен жоспарланған бастамаларды талқылады.
Кездесу аясында ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов пен Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов өзара әрекеттестіктің түрлі аспектілерін айқындайтын меморандумға қол қойды.
Келісім ғылыми материалдармен алмасу, өзара ақпараттық қолдау және сараптамалық талқылаулар мен дөңгелек үстелдерді ұйымдастыруды көздейді. Сонымен қатар екі тарап бірлескен зерттеулер жүргізіп, институттар қызметінің бағыттары бойынша өз басылымдарында ғылыми мақалалар жариялай алады.
Іс-шара барысында екі талдау орталығының басшылары заңнамалық бастамалар мен заң шығару үдерісі ғылыми зерттеулерге, талдауға және сарапшылардың ұсыныстарына негізделуі керек екенін атап өтті. ҚСЗИ мен Парламентаризм институтының ынтымақтастығы сараптамалық-талдамалық қоғамдастықты заң шығарушылық бағытқа қарай белсенді тартуға негіз болуға тиіс.
Жалпы, меморандум екі ұйым арасындағы диалогты нығайтып, ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.