2025 жылғы 16 қазанда Astana Think Tank Forum 2025 аясында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық реформалар агенттігі ынтымақтастық жөніндегі практикалық іс-шаралар жоспарына қол қойды. Бұл келісім екі елдің жетекші сараптамалық орталықтары арасындағы әріптестіктің дамуының жаңа кезеңін білдіреді.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов құжатқа қол қоюды тілге тиек ете келе, өңірлік дипломатияның қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті:
«Орталық Азия қайтадан үлкен геосаясат назарындағы өңірге айналып келеді. Әсіресе “С5+1” форматындағы өзара іс-қимылдың арта түсуі осының айқын дәлелі. Мемлекет басшыларының алдағы саммитінде өңірішілік күн тәртібінің одан әрі нығая түсетініне және тереңдейтініне сенімдімін», – деді Ж. Шаймарданов.
Өз кезегінде Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық реформалар агенттігі директорының орынбасары Абдулла Абдуқадыров сараптамалық диалогты тереңдету Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты байланыстың орнықты дамуына ықпал етіп, өңірлік ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Елдер арасындағы әріптестік екіжақты қатынастардың барлық салаларындағы қарқынды дамудың аясында өрбіп келеді. Саяси диалог пен барлық деңгейдегі сапарлардың жандана түсуі Үкімет басшылары төрағалық ететін Үкіметаралық бірлескен комиссияның жұмысы мен өңіраралық форумдар шеңберінде нақты көрініс табуда.
Экономикалық құрамдас бөлігі де тұрақты өсім көрсетіп отыр: екі ел арасындағы тауар айналымы тұрақты түрде 4 млрд АҚШ долларынан асып түседі, ал Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі ретінде (ҚХР мен РФ-дан кейін үшінші орында) өз позициясын нығайта түсуде. Инвестициялық ынтымақтастық та жоғары деңгейде – 2024 жылдың қорытындысы бойынша инвестициялар көлемі 86,2 млн АҚШ долларына жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 14,3%-ға артты.
Мәдени-гуманитарлық байланыстар да қарқынды дамуда. Бұған жетекші жоғары оқу орындарының өзара филиалдарының ашылуы дәлел: М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Чирчик қаласындағы филиалы және Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының Алматы қаласындағы филиалы.
Осы контексте тараптар өңір үшін өзекті тақырыптар бойынша, соның ішінде өңірлік даму, урбанизация және экономиканы цифрлық түрлендіру мәселелері бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу туралы уағдаласты.





