Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, әлеуметтану докторы, профессор Айгүл Забирова мен ҚСЗИ Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің басшысы Салтанат Ермаханова 2025 жылғы 6–11 шілде аралығында Марокконың Рабат қаласында өткен Халықаралық әлеуметтану қауымдастығының (ISA) «Knowing Justice in the Anthropocene» атты 5-форумына қатысты.
Форум Мохаммед V университетінің базасында өтті және 100-ден астам елден келген 4200-ден астам зерттеушіні біріктірді. Әлемнің жетекші әлеуметтанушылары климаттық әділеттілік, технологиялық даму, әлеуметтік тұрақтылық сияқты Антропоцен дәуірінің негізгі сын-қатерлерін талқылады.
ISA – ЮНЕСКО қолдауымен құрылған және БҰҰ-да тіркелген халықаралық ғылыми қауымдастық. Биылғы форум алғаш рет Африка құрлығында ұйымдастырылды. Форумның өзекті тақырыбы – «Антропоцен жағдайында әділеттілікті тану». Антропоцен – адамзаттың климат пен табиғи ортаға ықпалы шешуші рөлге ие болған жаңа геологиялық дәуір ретінде қарастырылады. Ұйымдастырушылар әділеттілік ұғымын тек зерделеп қана қоймай, оны түбегейлі өзгерістер жағдайында қайта пайымдау қажеттігін атап өтті. Әсіресе «ресурстар сарқылған әлемде әлеуметтік әділеттілік қандай болуы керек?» және «экологиялық әділеттілік пен әлеуметтік әділеттілік қалай тоғысады?» деген сұрақтар форумның басты тақырыптарының біріне айналды.
ISA форумдары әр төрт жыл сайын, әлеуметтану конгрестерімен кезектесіп өткізіледі. Мұндай іс-шаралар зерттеушілер үшін білім мен тәжірибе алмасудың, жаңа ғылыми байланыстар орнатудың және пәнаралық диалогтың маңызды алаңы болып табылады.
ҚСЗИ сарапшылары форум аясында екі мазмұнды баяндама ұсынды.
Профессор Айгүл Забирова «Әлеуметтік технологиялар және әлеуметтанулық тәжірибе» 26 зерттеу комитеті ұйымдастырған «Қақтығыстар. Қауымдастықтар. Антропоцентрлік технологиялар дәуіріндегі әлеуметтік өзгерістер» сессиясында сөз сөйледі. Оның «Қазақстандағы құндылықтық бағдарлардың картографиясы» атты баяндамасы 8000-нан астам респондент қамтылған әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне негізделген. Зерттеу демографиялық ерекшеліктерден гөрі әділеттілік, еркіндік, мемлекет рөлі мен сенім сияқты терең құндылық жүйелерін саралауға бағытталған. Баяндамада кластерлік талдау әдістері арқылы әзірленген құндылықтар типологиясы ұсынылды. Бұл тәсіл қазақстандық қоғамның әлеуметтік құрылымын дәстүрлі жас, өңірлік немесе этникалық шеңберден тыс пайымдауға мүмкіндік берді.
Салтанат Ермаханова «Жергілікті-жаһандық қатынастар әлеуметтануы» 01 тобы өткізген «Гибридті шындықтағы әлеуметтік және саяси қатынастардағы болашақ бейнесі» сессиясында «Жастар болашақты қалай елестетеді?» тақырыбында баяндама жасады. Ол 18–29 жас аралығындағы жастар арасында Қазақстанның 20 жылдан кейінгі болашағына қатысты жүргізілген зерттеу нәтижелерін ұсынды. Фокус-топтарда қатысушылар елдің болашағын символдармен сипаттады: жануар, спорт түрі, экономикалық сала, мамандық, ғимарат, музыка жанры, ағаш, түс және мемлекеттік белгі. Дискурс-талдау нәтижелері жастардың болашақты кәсібилікпен, біліммен және жоғары технологиялармен байланыстыратынын көрсетті. Бұл – елдің ғылыми-технологиялық даму бағытына деген жастар сұранысын айқын байқатады. Баяндамада стратегиялық жоспарлау мен мемлекеттік саясатта жастардың үні мен ұстанымын ескеру маңызды екені атап өтілді.
Форум қатысушылары екі баяндаманы да қызығушылықпен қабылдады. Олар мәдени бағдарлар, саяси белсенділік және орнықты даму арасындағы өзара байланысты зерделеуге арналған жаһандық пікірталастар аясында ерекше маңызға ие болды. Қазақстан әлеуметтік өзгерістер кезеңіндегі тарихи-мәдени мұрасы бай, серпінді қоғам ретінде халықаралық сарапшылар назарына ілікті.
Форум жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Марокко астанасы Рабат – Африка, Жерорта теңізі, араб және еуропалық өркениеттер тоғысындағы символдық қала. 1957 жылы құрылған және өңірлік үздік жоғары оқу орындарының қатарына кіретін Мохаммед V университеті (QS 1201–1400) форумның барлық сессияларына төрт факультетінің базасын ұсынды – білім беру, құқық, экономика және инженерия.
Марокко елінің ұстанымы да атап өтуге тұрарлық. Академиялық бойкоттар күшейген кезеңде ел бейтараптық пен ашықтық қағидаттарын ұстанып, ұлттық немесе саяси белгілер бойынша кемсітушіліктен бас тартты. Бұл – академиялық еркіндік пен халықаралық ғылыми ынтымақтастыққа адалдықтың көрінісі.
Осылайша, ISA 5-форумы жаһандық зерттеушілерді біріктірген тек ғылыми жиын ғана емес, сонымен қатар ашық диалог, интеллектуалдық еркіндік пен ғылыми жаңашылдық рухын паш еткен академиялық фестиваль болды.
Айгүл Забирова,
әлеуметтану докторы, профессор,
ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері

