Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ сарапшысы Будапештте Түркітану орталығының ашылу рәсіміне қатысты

ҚСЗИ сарапшысы Будапештте Түркітану орталығының ашылу рәсіміне қатысты

2025 жылғы 22 қыркүйекте Будапешт қаласында Лудовик атындағы Мемлекеттік қызмет университеті жанынан құрылған Түркітану орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа орталық түркі дүниесінің тарихы, мәдениеті, саясаты мен экономикасын зерттеуге арналған жетекші академиялық алаңға айналуы көзделуде.

Орталық халықаралық ғылыми-білім беру хабы ретінде құрылып отыр, ол университеттерді, зерттеу институттарын, талдау орталықтарын және сарапшылар қауымдастығын біріктірмек. Оның басты мақсаты — академиялық диалогты тереңдету, қолданбалы зерттеулерді дамыту және түркі елдерімен мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуға, гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге бағытталған жаңа тәсілдерді қалыптастыру.

Ашу бағдарламасы аясында Түркі мемлекеттері ұйымының жетекші университеттері, ғылыми-зерттеу құрылымдары және халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен панельдік пікірталастар мен сараптамалық дәрістер ұйымдастырылды. Ашылу салтанатына Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ғалым хатшысы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Көшербаева қатысты.

Іс-шара барысында ғылыми бастамаларды біріктіру, кадрлар даярлау және халықаралық ынтымақтастықтың маңызды құралы ретінде ғылыми дипломатияны дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.