Бүгін ҚР Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Оған Орталық Азия елдері Парламенттерінің өкілдері қатысты. Іс-шара барысында Парламенттер мен жергілікті өкілді органдардың Орталық Азия елдерінің орнықты дамуын қамтамасыз ету жолындағы рөлі талқылап, аталған бағыттағы тәжірибелерімен бөлісті.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Айгүл Көшербаева отырыстың «Парламентаралық өзара іс-қимыл арқылы инклюзивті экономикалық даму» екінші сессиясында баяндамашы ретінде сөз сөйледі. А.Көшербаева ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ қызметкерлері дайындаған «Қазақстан тұрақты даму жолында» зерттеуінің нәтижелерімен бөлісті (кітаптың орыс және ағылшын тіліндегі үлгілері).
Айгүл Көшербаева Қазақстанның қазіргі даму кезеңінде инклюзивтілікке баса назар аудара отырып, экономиканы жандандыру бойынша маңызды міндет тұрғанын атап өтті. Осыған байланысты демографиялық процестерді басқару, еңбек нарығына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және адам капиталының сапасын арттыру негізгі міндеттер болып қала береді.
«Инклюзивті және тұрақты өсу жолына көшу Қазақстанның маңызды саяси мақсаты болып табылады және Қазақстан 2030 жылға дейінгі күн тәртібі аясындағы міндеттемелердің бөлігі болып табылады. Қазақстан барлық азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған тұрақты даму (ОДМ) саласындағы мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге ұмтылуда», — деп атап өтті А.Көшербаева.
Баяндамашы халықтың гендерлік және жастық құрылымының өзгеруі және Қазақстанның еңбек нарығындағы оң үрдістер сияқты маңызды аспектілерге де тоқталды.
«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан адами капиталды дамытуда айтарлықтай жетістіктерге жетті. 2022 жылғы жағдай бойынша, ел бойынша, ол адам дамуының (АДИ) өте жоғары деңгейі бар елдер санатына қосылып, 193 елдің арасында индекс бойынша 67-орынға ие болды».
А.Көшербаева Қазақстан инклюзивті өсу саясатын ұстана отырып, «жасыл экономикаға» көшу шеңберінде жаңартылатын энергия көздерін және энергия тиімділігін белсенді дамытып жатқанын, тұрақты экономикалық өсуге, инвестиция тартуға, қоршаған ортаға әсерді азайтуға және халықаралық беделді арттыруға ықпал ететін халықаралық экологиялық стандарттарға сәйкес келуге ұмтылатынымен бөлісті.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде отырыстың кеңейтілген форматы өңір елдері Парламенттерінің стратегиялық диалогын нығайтуды көздейтінін атап өтті. Сондай-ақ ол мұндай қадам өзара ынтымақтастықты арттырып, Орнықты дамудың жаһандық мақсаттарына қол жеткізу үшін бірлесіп әрекет етуге ықпал ететінін айтты.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты тұжырымдамалық мақаласында өңірдің орнықты дамудың жаһандық күн тәртібіндегі рөліне кеңінен тоқталды. Орнықты дамудың күн тәртібі қазіргі таңдағы ортақ жаһандық және аймақтық проблемаларды шешуге бағытталған. Бұл ретте климаттың өзгеруі, құрғақшылық, су ресурстарының тапшылығы және экология мәселелері өңір үшін өзекті екені белгілі. Сондай-ақ халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыру да елдеріміз үшін ортақ міндет», – деп, Палата Спикері мемлекет басшылары белгілеген өңір елдерінің орнықты дамуын қамтамасыз ететін бірыңғай басымдықтар қатарында да аймақты өркендету жолындағы ортақ мақсаттар бар екенін атап өтті.
Парламенттік комиссия мүшелері мен сарапшылар Қазақстанның ОДМ-ға қол жеткізу жолындағы бастамаларына назар аударып, 10 жыл ішіндегі аралық нәтижелерді талдады. Сондай-ақ олар өңір елдерінің орнықты дамуын баяулатып отырған осал тұстарды талқылады.
Іс-шараны қорытындылай келе, мемлекеттік органдардың және Орталық Азия елдері Парламенттерінің өкілдері мен сарапшылар Комиссия қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі ойларымен бөлісті. Одан бөлек, қатысушылар ОДМ-ды интеграциялауға және ұлттық заңнамаға озық тәжірибелерді енгізуге қатысты пікір білдіріп, ұсыныстарын айтты.