Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ сарапшысы Төреқұлов оқуларына қатысты

ҚСЗИ сарапшысы Төреқұлов оқуларына қатысты

2025 жылғы 29 мамырда Халықаралық зерттеулер орталығының бас сарапшысы Ж.Е. Нұрбаев Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Халықаралық қатынастар кафедрасы ұйымдастырған «Төреқұлов оқулары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Ж.Нұрбаев «Нәзір Төреқұлов – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат» атты баяндама жасады. Нәзір Төреқұловты (1892–1937) кеңестік мемлекет мүддесін халықаралық деңгейде кәсіби түрде қорғаған алғашқы қазақ ретінде таныстырып, оның ерте кеңестік кезеңдегі дипломатиялық қызметіне шолу жасады.

Нәзір Төреқұлов 1927–1936 жылдары Хиджаздағы (қазіргі Сауд Арабиясы) КСРО-ның өкілетті өкілі болып жұмыс істеп, кеңестік дипломатиядағы мұсылман шығысының ең беделді өкілдерінің біріне айналды. Ол Сауд Арабиясы Корольдігінің КСРО-ны мойындауына қол жеткізіп қана қоймай, екіжақты қатынастарды мәдени өзара түсіністік пен диалог негізінде дамытты.

Баяндамада Н. Төреқұловтың өмірбаянының негізгі кезеңдері, оның зияткерлік және саяси қалыптасуы, сондай-ақ әмбебап халықаралық нормалар мен этномәдени ерекшеліктерді ұштастырған дипломатиялық мектептің қалыптасуына қосқан үлесі қарастырылды. Ерекше назар оның ХХІ ғасыр дипломатиясында өзекті саналатын «жұмсақ күш» пен өркениетаралық делдалдықтың қазіргі формаларын алдын ала болжаған қызметіне аударылды.