Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ Серб халықаралық саясат және экономика институтымен ынтымақтастық келісімін жасады

ҚСЗИ Серб халықаралық саясат және экономика институтымен ынтымақтастық келісімін жасады

Кеше, 18 қараша күні, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сербияға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Сербияның халықаралық саясат және экономика институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Бұл құжат ғылыми-сараптамалық диалогты дамытуға және ғылыми-зерттеу және білім беру салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.

Тараптар ғылыми материалдармен алмасу, бірлескен зерттеулерді жүзеге асыру, екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу сияқты бірқатар негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастық жасауға келісті.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов Ынтымақтастық туралы меморандум сарапшылық деңгейде ынтымақтастықты кеңейту және серіктестікті нығайтудағы маңызды қадам болатынын атап өтті.

«Осы келісімнің нәтижелері ғылым, білім және ғылыми-зерттеу салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдіміз», — деді Еркін Тұқымов.

Сербияның халықаралық саясат және экономика институтының директоры Бранислав Джорджевичтің айтуынша, институттар арасындағы ынтымақтастық Қазақстан мен Сербия арасындағы диалогтың ғылыми-сараптамалық өлшемін одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Меморандум Қазақстан мен Сербия арасындағы сарапшылық өзара әрекеттестікті дамытуға, ғылыми байланысты нығайтуға және әлеуметтік-экономикалық даму саласындағы бірлескен бастамаларды ілгерілетудің берік негізін қалады.