Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ Мажарстаннның талдамалық орталықтарымен ынтымақтастықты нығайтты

ҚСЗИ Мажарстаннның талдамалық орталықтарымен ынтымақтастықты нығайтты

2025 жылғы 16 қазанда Astana Think Tank Forum 2025 аясында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен Мажарстанның Дунай институты басшылығының кездесуі өтті.

Мажарстан тарапынан кездесуге Дунай институтының атқарушы директоры Иштван Кисс, Түркі-батыс елдерімен ынтымақтастық жөніндегі бастаманың директоры Ибрахим Маммадов және Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Рона қатысты.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов атап өткендей, институт Еуропаның, соның ішінде Мажарстанның жетекші сараптамалық орталықтарымен белсенді ынтымақтастық орнатқан. ҚСЗИ басшысы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тарихи байланыстардың терең тамырларын ескере отырып, Мажарстанды Еуропадағы маңызды серіктестердің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Сондай-ақ ол екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) аясындағы белсенді дамып келе жатқанын айтты.

– «ТМҰ шеңберіндегі серіктестік екіжақты қатынастарға оң әсерін тигізіп отыр. 2025 жылғы мамырда Будапештте өткен ТМҰ-ның бейресми саммиті ұйымның Еуропалық одаққа мүше мемлекеттермен ынтымақтастықты тереңдетудегі әлеуетін айқын көрсетті», – деді Ж.Шаймарданов.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ мен Дунай институты арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

ҚСЗИ директорының айтуынша, венгриялық «сараптамалық орталықпен» жасалған бұл келісім Қазақстан мен Мажарстан арасындағы «екінші деңгейлі» дипломатиялық өзара іс-қимылды нығайтудағы маңызды қадам болып табылады.

Кездесу нәтижесінде ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ мен Дунай институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.