Skip to content
Басты бет » ҚСЗИ жас сарапшыларды қолдау бағдарламасының финалистеріне дипломдар табысталды

ҚСЗИ жас сарапшыларды қолдау бағдарламасының финалистеріне дипломдар табысталды

2025 жылғы 28 қазанда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) «Қазақстан өңірлерінің экономикалық және әлеуметтік дамуының жаңа көкжиектері» тақырыбындағы Жас сарапшыларды қолдау бағдарламасының он финалисіне дипломдар табысталды.

ҚСЗИ ғалым хатшысы Айгүл Көшербаева финалдық стратегиялық сессияның модераторы болды. Ол өз сөзінде бағдарламаның жас сарапшыларды дамытудағы маңызын атап өтіп, өңірлік жастарды зерттеу және сараптамалық қызметке тартудың өзектілігіне тоқталды.

Өзінің құттықтау сөзінде ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина аталған білім беру жобасының жас зерттеушілер мен тәжірибелі сарапшылар арасында кәсіби өсу мен білім алмасудың тиімді алаңына айналғанын айтты.

Медиа жобалар бөлімінің басшысы Жанар Тулиндинова өз кезегінде қатысушылар ұсынған зерттеулердің жоғары деңгейі мен олардың тәжірибелік маңызын ерекше атап өтті.

Стратегиялық сессияға Бағдарлама лекторлары мен менторлары қатысты: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова, Саясаттану бойынша PhD, Жошы Ұлысын зерделеу ғылыми институтының директоры Жақсылық Сәбитов, DESHT зерттеу орталығының директоры Қуаныш Жайықов, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ ТМД хатшылығының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Қамбар, сондай-ақ Astana IT University Цифрлық мемлекеттік басқару мектебінің директорының міндетін атқарушы, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Анар Есенгелдина және басқа да сарапшылар.

Бағдарламаның финалистері: Зарина Мұкашева, Нұргиса Кушеров, Қанат Ыдырыс, Майя Газизова, Жансая Темірбулатова, Жанель Бегалиева, Арыстан Сатанов, Иманджүсіп Қожабаев, Медет Жандильдинов  өздерінің талдамалық зерттеу нәтижелерін ұсынды. Жеңімпаздардың баяндамалары Қазақстан үшін Орталық Азиядағы көлік дәліздерінің даму динамикасы мен маңыздылығы, Қазақстанда ядролық кластерді қалыптастыру, жаһандық экономикалық тұрақсыздық жағдайында Ұлттық қор қаражатын пайдалану тәуекелдері мен мүмкіндіктері, орта буын мамандарды даярлаудағы әлеуметтік әріптестіктің рөлі, балалардың әл-ауқатының негізгі факторы ретінде орта білім сапасы және өңірлердің тұрақты дамуының стратегиялық ресурстары сияқты өзекті мәселелерге арналды.

Еске сала кетсек, жас зерттеушілердің аналитикалық әлеуетін арттыруға, оларды сараптамалық қызметке тартуға және жаңа буын сарапшыларын қалыптастыруға бағытталған бағдарлама биылғы жылдың сәуір айында басталған болатын. Конкурс комиссиясы 76 үміткердің қатысуын мақұлдады.

Төрт апта бойы қатысушылар қазақстандық жетекші ғалымдар мен сарапшылардың тренингтері, семинарлары мен мастер-кластары қамтылған қарқынды білім беру бағдарламасынан өтті. Кейінгі екі ай ішінде олар менторлардың қолдауымен талдамалық баяндамалар дайындады, олардың ондығы үздік деп танылды. Бағдарлама финалистері грант иегерлері атанып, ҚСЗИ кадрлық резервіне енгізілді.