
Айгүл Забирова,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
бас ғылыми қызметкері
ҚСЗИ-дың сауалнамасы көрсеткендей, ер адамдардың жартысынан астамы жұмыс орындары тапшылығы жағдайында басымдық ең алдымен өздеріне берілуі керек деп санайды. Бірақ бұл билік туралы әңгіме емес. Бұл – қоғамдағы ер адамның рөліне түсетін қысым және сол қысымның ішінен жаңа, адамгершілігі жоғары, байсалды әрі жұмсақ ер азаматтық бейненің қалыптасуы туралы әңгіме.
Әлеуметтанулық тұрғыдан алғанда, гендер тек әйелдерді талдаумен шектеуге болмайды – жүйенің екінші жартысын, яғни ерлерді де есепке алу қажет. Сауалнама барысында қатысушыларға: «Жұмыс орындары жеткіліксіз болған жағдайда, ерлердің әйелдерге қарағанда жұмысқа орналасуға көбірек құқығы болуы тиіс» деген пікірге көзқарасын білдіру ұсынылды. Нәтижесінде, респонденттердің 52,5%-ы бұл пікірмен белгілі бір дәрежеде келіссе, 44,9%-ы[1] келіспейтінін айтты. Ал ерлердің 55,5%-ы бұл мәлімдемемен келіскен болса, әйелдер арасында бұл көрсеткіш сәл төмен – 50%.
Мәліметтер қоғамдағы құндылықтар кеңістігінің ішкі қайшылығын көрсетеді. Білім беру мен әйелдердің еңбекке араласу саласында айқын ілгерілеуге қарамастан, жұмыс орындары тапшылығы жағдайында ерлердің басымдығы идеясын қолдайтындар әлі де көп. Әсіресе бұл көзқарас отбасылы, білімі төмен және экономикалық тұрғыдан осал респонденттер арасында кең таралған. Бұл жағдай гендерлік жаңғырудың екінші жағын айғақтайды: теңдікке ұмтылыс бір мезетте ерлерді отбасының тірегі әрі материалдық жауапкершіліктің иесі ретінде қабылдайтын тұрақты түсініктермен қатар өмір сүріп келеді.
Әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктер қандай? Жыныс, жас, білім деңгейі, отбасылық жағдай және табыс бойынша деректер қоғамдағы айқын заңдылықтарды көрсетеді:
- Орта жас – ең жоғары шиеленіс аймағы. 30-45 жас аралығындағы ерлер дәстүрлі көзқарастарды ең көп қолдайтын топ болып отыр, бұл заңды құбылыс. Себебі дәл осы кезеңде олардың мойнында ипотека төлеу, бала тәрбиелеу, қарт ата-анасына қарау сияқты негізгі әлеуметтік міндеттер тоғысады. Қоғам оларға көбірек талап қойып, аз кепілдік береді. Осындай теңгерімсіздік қорғаныш консерватизмін тудырады – яғни тез өзгеріп жатқан әлемде өз болмысын сақтап қалудың бір жолы ретінде ескі нормаларды ұстануға ұмтылыс пайда болады.
- Білім мен экономикалық дербестік. Жоғары білім деңгейі мазасыздықты азайтып, көзқарастарды аздап патриархалдықтан алыстатады. Алайда бұл білімді ерлердің көбірек білімді болуынан емес, олардың еңбек нарығының тұрақсыздығына азырақ тәуелді болуымен түсіндіріледі. Мұндай ерлердің кәсіби мүмкіндіктері кең, өмірін бақылауда ұстау сезімі бар, сондықтан олар өздеріне теңдікті «рұқсат ете алады». Ал табысы төмен топтарда керісінше — бақылау сезімі барынша төмен. Олар үшін «ердің еңбек ету құқығы» идеология емес, әлемдегі соңғы әлеуметтік сақтандыру құралына айналады.
- Кәсіп пен біліктілік патриархалдық түсініктерге тәуелділікті төмендетеді. Еңбек нарығында тұрақты орны бар ерлер жыныстық гендердік азырақ мұқтаж болып, теңдік идеясын жиірек қабылдайды. Мұнда патриархат жойылмайды, бірақ өзінің қорғаныс қызметінен айырылады. Ал кәсіби тұрғыда тұрақсыз саладағы ерлерде патриархалдық логика жоғалған бақылауды символикалық өтем ретінде сақталып қалады: егер табысқа кепілдік беру мүмкін болмаса, ең болмағанда асыраушы мәртебесін сақтау қалады.
- Отбасы құрылымы мен борыш моралі. Үйленген ерлер еңбек басымдығын жиірек қолдайды. Алайда бұл патриархат билікке емес, қамқорлыққа негізделген патерналистік сипатқа ие. Некеде тұрған ер адам өзін отбасыны қорғауға моральдық борышты сезінеді, сондықтан өзінің «еңбек ету құқығын» жауапкершіліктің бір түрі ретінде бекіткісі келеді. Ал үйленбеген ерлер арасында, әсіресе қалалық ортада, көзқарастың өзгеру үрдісі байқалады: еңбек пен табыс абыройдың өлшемі болудан қалып, оның орнын серіктестік идеясы басып келеді.
- Материалдық осалдылық және символдық тірек. Табыс деңгейі бойынша жүргізілген талдау көрсеткендей, патриархалдық сенімдер ең алдымен экономикалық тұрғыдан осал топтар арасында күштірек сақталған. Табысы төмен ер адам үнемі екіұдай күйде өмір сүреді: бір жағынан, қоғам оны «отбасын асырауға тиіс» деген әлеуметтік нормаға міндеттейді, ал екінші жағынан – еңбек нарығы оған тұрақтылыққа ешқандай кепілдік бермейді. Осындай жағдайда патриархалдық ойлау психологиялық қорғаныс тетігіне айналады: ол тез өзгеріп жатқан дүниеде бақылау сезімін қайтарады. Бұл ұстанымдар тарихи инерцияның нәтижесінде қалыптасқан, ер адам – асыраушы, ал әйел –ошақтың ұйытқысы деген әлеуметтік келісімнің жалғасы. Бұл модельді моральдық тұрғыдан қайта қарастырмай бұзу ер адамды бірегейлік вакуумында қалдырады. Сондықтан ерлердің басымдығын қолдауды тек күш-қуаттың көрінісі ретінде емес, құрылымдық қысымның белгісі ретінде түсіндіру керек. Қоғам ер адамдарға өзін-өзі бағалаудың балама оң моделін ұсынбайынша, ондаған жылдар бойы болғандай, табыс табу арқылы емес, қарым-қатынас, серіктестік, тәрбие арқылы олар ескісіне жабысады, өйткені бұл модельде сенің кім екенің және не үшін өмір сүріп жатқаның түсінікті.
Маскулиндіктің жаңа моделіне бетбұрыс. Дегенмен, біздің деректеріміз өзгерістің басталып келе жатқанын көрсетеді. Жас ерлер мен әйелдер арасында, әсіресе жоғары білімі бар және қалалық тұрғыда әлеуметтенген, өзара жауапкершілік және отбасын бірлесіп қамтамасыз ету туралы түсінік нығаяды. Оларға теңдік ердің рөлін қауіпке ұшыратпайды, керісінше оны артық қысымнан босатады. Бұл енді жыныстар арасындағы күрес емес, әлеуметтік жүйенің біртіндеп бейімделуі: мұнда ер азаматтық міндеттің синонимі болудан шығып, қатысу формасына айналады. Жастарда (18–29 жас) патриархалдық көзқарастар басым емес. Олар жауапкершіліктен бас тартпайды, тек оны бөліседі. Жас ерлер отбасын серіктестік ретінде жиірек қабылдайды; олардың үшін теңдік – қауіп емес, «барлығын өз мойнына алу» жалғыз борышынан азат болу.
Мағыналық теңгерім. Деректер көрсеткендей, қоғам әлі де «ер – асыраушы» моделіне негізделіп келеді. Бұл рөл тек отбасыда, тәрбиелеу арқылы ғана емес, медиа, кәсіби күтулер және тіпті әзіл арқылы да қалыптасатынын атап өту керек. Ер адам оның жауапкершілік дәрежесімен бағаланады: егер отбасы абыройлы өмір сүрсе, бұл оның еңбегі, ал қиындыққа тап болса, бұл да оның кінәсі. Дәл осы мәдени наным ер адамның болмысына құрылымдық қысым жасайды: табыстан немесе жұмыстан айырылу моральдық жеңіліс ретінде қабылданады.
Феминисттердің, әсіресе бірінші буын өкілдерінің, қарсы пікірін ескеруге болады: олар бұл идеяларды біржақты деп айыптап, парламентте, үкіметте, ұлттық кампанияларда және медиа сахнасында ерлердің үстемдігін мысалға келтіруі мүмкін. Иә, «Олимп» әлі де ерлерге тиесілі. Алайда бұл деректер талдауы жоғарыдағы адамдар жайлы емес, жүйені өз иықтарында көтеріп жүрген, шешім қабылдамайтын, бірақ олардың көлеңкесінде өмір сүретін миллиондаған қарапайым ер адамдар жайлы.
Екінші және үшінші буын феминисттер жұмсарту тілінің сезімталдығымен танымал; олардың көзқарасы бойынша патриархат жеке алаңдаушылық туралы емес, билік жүйесі жайлы. Дегенмен, патриархат екі жаққа да әсер ететінін мойындау маңызды: әйелдер шектеуден, ерлер қысымнан зардап шегеді. Сондықтан мұнда ақтау емес, өзара осалдықты сипаттау мақсатында жазылған.
Жаңа этика: бәсекелестік орнына серіктестік. Біздің деректеріміз көрсеткендей, жас ұрпақ – ерлер де, әйелдер де – еңбек пен жауапкершілікпен қатынасты басқаша құра бастайды. Жас ерлер арасында гендерлік теңдікті қолдаушылар үлесі едәуір жоғары, ал жас әйелдер арасында серіктестікке дайындық, бәсекелестікке қарағанда, көп. Егер әйелдер мен ерлер туралы шындықты айтсақ, бұл ұрпақ ауысуы және қорқыныштың ескі тепе-теңдігінен шығу нүктесі болуы мүмкін. Теңдік біреу үнсіз қалуы керек дегенді білдірмейді. Әйелдер билікке қол жеткізуге және еңбекті мойындауға мұқтаж, ал ерлер осал болуға және кінәлі сезінбестен борышын өтеуге құқылы. Егер қоғам да еркектен темірдей беріктікті, ал әйелден құрбандықты күтетін болса, теңдік арта қоймас. Екі жақтан да күтудің шамадан тыс жүктемесін алып тастау керек. Жетістікті қайта ой елегінен өткізу. Күшті ер адам — бәрін асыраушы емес, жауапкершілікті бөлісуді білетін адам; ал күшті әйел — бәрін төзуші емес, өзіне оңай емес екендігін мойындайтын адам. Соңында, тілді өзгерту қажет: «Ер адам міндетті», «әйел міндетті» дегеннің орнына «Біз бірге жасай аламыз» деп айтуға болады. Бұл қарапайым, бірақ аса маңызды өзгеріс.




[1] Сауалнама ҚСЗИ тапсырысы бойынша 11.05-22.06.2024 аралығында 8101 респонденттің қатысуымен өткізілді. Сауалнамаға 18 жастан асқан, елдің 17 өңірі мен республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары қатысты.