Бүгін ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтына ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы (БХӨЖ) Сыртқы істер комитеті төрағасының орынбасары, Тұрақты комитет мүшесі Хао Пинь бастаған делегация келді. Сонымен қатар делегация құрамында БХӨЖ Сыртқы істер комитетінің өкілдері Хэ Хуау, Син Гуанчэн, Дай Юнин және т.б. болды.
Кездесу барысында тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасты. Осылайша, ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов «Орталық Азия – Қытай» талдау орталықтарының форумына қатысу мақсатында Сиань қаласында өткен (ҚХР) жұмыс сапарынан алған әсерімен бөлісті. Ол Қытайдың Қазақстанға деген қызығушылығын және ҚХР-дағы Орталық Азияны зерттеу бойынша талдау орталықтары санының артқанын атап өтті. «Қос елді егемендікті қолдау мен сенім шараларын нығайтудың практикалық қадамдары байланыстырады. 2022 жылы Қытай Қазақстанның басты сауда серіктесіне айналды. Нақтырақ айтсақ, қос ел арасындағы тауар айналымы 31 млрд долларды құрайды. Қытайдың сыртқы саудадағы үлесі 19%-дан асты. Былтырғы көрсеткіш 17% болған еді», – деді ҚСЗИ директоры.
Өз кезегінде БХӨЖ Сыртқы істер комитеті төрағасының орынбасары Хао Пинь бұл кездесу «Белдеу және жол» бастамасының 10 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келгенін, сонымен қатар аталған стратегияның перспективаларын талқылау ерекше өзекті екенін айтты.
Кездесу соңында тараптар стратегиялық әріптестікті дамыту мақсатында диалогты жалғастырудың маңызына тоқталып, екіжақты және өңірлік деңгейлерде көліктік өзара байланысты күшейту мәселелеріне назар аударды.