Али Мұхамбет, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы
2025 жылғы 8 қыркүйекте Норвегияның бір палаталы парламенті Стортингке сайлау өтеді. Оның нәтижелері саяси күштердің қайта құрылуына, жаңа парламенттік коалиция мен үкіметтің құрылуына алып келеді.
Қазақстан үшін бұл сайлаулар ерекше қызығушылық тудырады, өйткені Еуропадағы электоралдық процестерді бақылау мен талдау аймақ елдеріндегі саяси өзгерістерді ескеруге, серіктестердің жаңа сыртқы саяси және экономикалық басымдықтарын болжауға және өзара серіктестік стратегиясын дер кезінде бейімдеуге мүмкіндік береді.
Стортинг сайлауының нәтижелері Еуропадағы Қазақстанның көне серіктестерінің бірі болып саналатын Норвегиямен ынтымақтастықты одан әрі нығайту тұрғысынан маңызды. Астана мен Осло арасындағы өзара серіктестік екіжақты деңгейде де, халықаралық ұйымдар аясында да, соның ішінде БҰҰ желісі бойынша да белсенді дамып келеді. Сонымен қатар өзара сауда оң қарқын сақтап отыр (2022 жылдан бері тауар айналымының көлемі 5%-дан астам өсті), бұл экономикалық және іскерлік байланыстардың нығаюын көрсетеді.
Қалыптасып отырған жағдайда Қазақстан мен Норвегия ауыл шаруашылығы, цифрландыру, аквашаруашылық, пайдалы қазбаларды өндіру, көлік және логистика сияқты стратегиялық бағыттарда ынтымақтастықты бірізді түрде дамыта береді. Сонымен қатар болашақ үкіметтің жаңа басымдықтары аталған салаларға қосымша серпін бере алады.
Норвегия үкіметін құрудың ықтимал сценарийлерін түсіну үшін сайлау жүйесінің ерекшеліктері мен соңғы жылдардағы саяси тәжірибені ескеру маңызды. Стортингтің 169 депутаты төрт жыл сайын партиялық тізімдер негізінде пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша сайланады. Өткен сайлауда Стортингке 10 партия өтті, жеңіске Еңбек партиясы (Лейбористік партия) жетті. Бұған дейін Центристік партия энергетикалық саясатқа қатысты лейбористермен келіспеушіліктерге байланысты билеуші коалициядан шығып кеткен еді, бұл 25 жылдан бері алғаш рет бірпартиялық үкіметтің құрылуына алып келді.
Тамыз айының басында жүргізілген сауалнамаларға сәйкес Лейбористік партияның қайтадан жетекші орынға шығу мүмкіндігі жоғары. Қоғамдық наразылықтың болуына қарамастан, НАТО-ның бұрынғы бас хатшысы Йенс Столтенбергтің қаржы министрі қызметіне оралуы олардың электорат арасындағы позициясын айтарлықтай нығайтты. Лейбористердің жеңісі жағдайында Норвегияның Еуропалық одақпен (ел оның мүшесі емес) одан әрі жақындасуы күтіледі.
Сонымен қатар Консервативтік партияның немесе Прогресс партиясының жеңіске жетуі де жоққа шығарылмайды, себебі олардың халық арасындағы қолдауы миграциялық және фискалдық күн тәртібін сайлау алды науқанда айқын көрсетуінің арқасында жоғары деңгейде сақталып отыр. Партиялық конфигурацияға қарамастан, Норвегиядағы күтілетін саяси өзгерістер Астана мен Осло арасындағы әріптестіктің одан әрі даму динамикасына әсер етпейді.
Бұл ретте Лейбористік партияның басшылығымен билеуші коалиция құрылған жағдайда Қазақстан үшін жасыл энергетика және жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері ашылады. Егер консерваторлар немесе Прогресс партиясы жеңіске жетсе, назар дәстүрлі энергетикаға ауысуы мүмкін.