Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған Орталық Азиядағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы жұмысын бастады.
«Әлем Азияның ерекше экономикалық дамуының, технологиялық прогресінің және өсіп келе жатқан геосаяси маңыздылығының куәсі. Біз қазірдің өзінде «Азиялық ғасырда» өмір сүріп жатырмыз. Азия жаңа ұлылыққа ие болып жатыр. Осы аймақта мүмкіндіктермен қатар, қарастыруды талап ететін мәселелер де бар. Азияның болашағы әлем болашағына әсер етеді», – деді іс-шараны ашып, форум қонақтарын қарсы алған ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов.
Оның айтуынша, бұл кездесу Азия елдері мен Қазақстанның алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылауға бірегей мүмкіндік. Форумның ерекшелігі – кең сараптамалық өкілдік. Бұл форум жұмысының таза практикалық бағытын айқындайтын шешім қабылдау орталықтарымен тығыз жұмыс істейтін Азия континенті елдерінің «ақыл-ой орталықтары» арасындағы диалогқа арналған алаң.
Форум әлемнің 25 елінің жетекші сарапшылары мен зиялыларын біріктірді. ҚСЗИ басшысының айтуынша, олар бір мақсатпен жиналды: өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге жәрдемдесу, әлемдік тәртіпті өзгертуге бағытталған ақпарат және идеялармен алмасу, сондай-ақ Азияның аса маңызды қауіпсіздік мәселелерінің жаңа шешімдерін бірлесіп іздеу.
ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов «Жаһандану және аймақтандыру дәуіріндегі Азия: болашақтың келбеті» панельдік сессиясына қатысты. «Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың берік негізін құру Қазақстанның мүддесіне сай келеді. Қазақстан бейбітшілік, ынтымақтастық және әділдік ісіне берік. Бүгінде өсіп келе жатқан турбуленттіліктің ортасында Қазақстан елдер арасындағы кең ынтымақтастықты дамытуды өз міндеті деп санайды. Көпвекторлы саясатты жүргізу, халықаралық қақтығыстарға тартпау және ең алдымен ішкі мәселелерді шешуге және мемлекеттілікті нығайтуға көңіл бөлу өзектілігін жоғалтпайды. Бұған Президент Қ. Тоқаев жүргізіп жатқан Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалар бағытталған», – деді ҚСЗИ басшысы.
Қазақстан үшін Орталық Азияның тұрақтылығы мен дамуы маңызды. «Менталдылық төңкерісі тұрғысынан, Орталық Азия өңірі – 30 жыл бұрын болған өңірден ерекшеленеді. Өзгеріс жылдамдығы таңғалдырады. Одан бөлек халық жасы да жасарды. Егер 1990 жылы орташа жас 34 болса, қазір 28,7 жасқа тең. Жас азаматтар ұлттық бірегейлігімен ерекшеленеді, олар инновация мен жаңа технологияларға ашық», – деді Е.Тұқымов.
Жалпы, ҚСЗИ директорының айтуынша, Орталық Азия елдері экономикалық прогресс, белсенді әлеуметтік саясат, тиімді билік пен күшті азаматтық қоғамның дамуы арасындағы табыстың формуласын әлі таба алмады.