2025 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) Арменияның Тұрақтылық және мемлекеттік басқару институтымен (INFORS Armenia) бірлесіп, III Қазақстан — Армян сараптамалық форумын онлайн форматта өткізді.
Іс-шараға Қазақстан тарапынан саясаттанушы Талғат Қалиев, ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саясатты зерттеу институты директорының орынбасары Манарбек Кабазиев, ӘЭСИ сарапшысы Лидия Пархомчик, ҚСЗИ директорының орынбасары, модератор Дәурен Әбен, ҚСЗИ директорының орынбасары Жанар Габдуллина, ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Санат Көшкімбаев және басқа да институт сарапшылары қатысты.
Армения тарапынан INFORS Armenia құрылтайшысы Геворг Меликян, «Орбели» аналитикалық орталығының сарапшысы Джони Меликян, APRI Armenia аға ғылыми қызметкері Бениамин Погосян, Лондондағы Қауіпсіздік мәселелері институтының аға ғылыми қызметкері Эдуард Абрамян, «Альтернатива» зерттеу орталығының негізін қалаушы Татул Манасерян, сондай-ақ «Ануш Климчик қорының» (Ереван) негізін қалаушысы Анджей Климчик қатысты.
Форум барысында Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказда жүріп жатқан трансформацияның негізгі бағыттары мен үрдістері талқыланды. Қатысушылардың айтуынша, өңірлік геосаяси ахуал терең өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Бұл мемлекеттерден неғұрлым икемді тәсілдерді, өзара іс-қимылдың орнықты форматтарын іздеуді және халықаралық қатынастардың көпполюсті құрылымына бейімделуді талап етеді. Ерекше назар екі өңірдегі процестердің өзара байланысына және өңіраралық ынтымақтастықтың артып келе жатқан маңызына аударылды.
Сарапшылар қауіпсіздік саласындағы өзекті сын-қатерлерді, саяси диалогтың дамуы мен Оңтүстік Кавказда ұзақ мерзімді тұрақты бейбітшілік орнату мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ экономикалық өзара іс-қимыл, көлік-логистика байланыстылығы және Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ кеңістіктерін біріктіре алатын жобалардың әлеуеті сөз болды. Орта дәлізді коммуникацияларды кеңейту және экономикалық байланыстарды нығайтудың құралы ретінде дамыту перспективасы да айрықша қызығушылық тудырды.
Қазақстан және Армения зерттеушілері жаһандық турбуленттілік жағдайында сараптамалық алмасудың рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Тұрақты түрде өткізілетін форумдар стратегиялық мәселелерді талқылауға және екі елдің мемлекеттік органдарына ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік беретін тиімді платформа бола алады. Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар екі елдің сараптамалық қауымдастықтары арасындағы әріптестік байланыстарды нығайтуға және өңірлеріміз арасындағы аналитикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екендерін білдірді.






