ҚР Президенті Қ. Тоқаев жыл басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында экономиканың орташа жылдық өсу қарқыны 6–7% деңгейінде 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні 450 млрд АҚШ долларына дейін екі есеге арттыру міндетін атап өтті. Бұл өте өршіл мақсат, бірақ дұрыс көзқараспен оны жүзеге асыруға болады. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап өткендей, дамуда сапалы серпіліс жасау үшін ойластырылған әрі батыл әрекеттер қажет.
Президент бұрын жолдауларда, түрлі отырыстарда, іс-шараларда айтқан көптеген міндеттер толықтай орындалмады. Сондықтан Президент Үкіметтің жаңа құрамынының алдында күшейтілген жұмыс басталуы тиіс негізгі проблемаларды мақсатты түрде белгіледі. Бұл бюджеттік және салықтық әкімшілендіру, цифрландыру, инвестициялық қызмет, мемлекеттік қаржы, сыбайлас жемқорлық және т. б. мәселелер.
Енді экономикалық реформалардың жаңа циклі басталады. Оларды іске асыруда және енгізуде аймақтық деңгейдегі билік үлкен рөл атқарады, өйткені көбінесе бюрократиялық кідірістер үдерістерді кешіктіріп, сыбайлас жемқорлықты тудырады. Атап айтқанда, өңірлік биліктің жеке инвесторлармен тиімсіз жұмысы атап өтілді. Сондықтан мемлекет басшысы әкімдердің басты міндеттерінің бірі ретінде жеке инвестициялар тартуды атап өтті.
Елде белгілі бір жобамен шетелдік инвестор келген көптеген мысалдар бар. Бірақ іске асырылған кезде, тіпті бастапқы кезеңде де әртүрлі кедергілер туындайды, соның салдарынан мерзімдер мен жоспарлар бұзылады. Мәселен, нысанның құрылысын бастау үшін әр түрлі инстанциялардан 60-тан астам рұқсат қажет. Сонымен қатар инженерлік желілерге қосылу, жер учаскесін алу және т.б. проблемалар бар. Осы проблемаларды шешу үшін өңірлерде «бір терезе» қағидаты бойынша фронт-офистер іске қосылды, ал әрбір прокуратурада инвесторларға қатысты құқыққа қарсы іс-қимылдарды болдырмау және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі call-орталықтар құрылды. Бүгінгі таңда елімізде 7,5 миллиард АҚШ долларынан астам сомаға 1011 инвестициялық жобаның Бірыңғай пулы қалыптасты (40 отандық инвестор және әлемнің 32 елінен келген шетелдік инвесторлар). Оларды іске асыру экономикалық өсуге жәрдемдесуге тиіс.
Өңірлер бөлінісінде тікелей шетелдік инвестициялардың ең көп ағыны Атырау облысы мен Алматы қаласында қамтамасыз етілді. Алайда, статистика көрсетіп отырғандай, 2023 жылдың соңғы 2-ші және 3-ші тоқсанында динамика төмендеді (Атырау облысы – 2023 жылдың 1-ші мен 3-ші тоқсаны аралығында 2,3 млрд, 1,2 млрд, 1,9 млрд АҚШ доллары). Сондай-ақ 2022 жылға дейін жақсы динамика көрсеткен Шығыс Қазақстан облысында соңғы жылы ағын төмендеді. Ең аз ағын Жамбыл және жаңадан құрылған облыстарда байқалады.
Өңірлерге жеке инвестициялар ағыны үшін әкімдердің жауапкершілігін жүктеу және арттыру инвестициялық саясаттағы тәсілдерді өзгертеді. Бірақ айта кету керек, бұл проблема мемлекеттік реттеу және басқару жүйесі сияқты жаһандық проблеманың көрінісі. Сондықтан мемлекеттік басқаруды жаңғырту қажет. Президент Қ. Тоқаев атап өткендей, «…Мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігі мен үйлесімділігін айтарлықтай арттыру қажет».
Әсел Әбен,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Экономикалық саясатты талдау бөлімінің
бас сарапшысы