Астанада «Поляризациядан серіктестікке: халықаралық жүйеге деген сенімді қалпына келтіру» тақырыбында өтіп жатқан Astana Think Tank Forum 2025 өз жұмысын жалғастыруда. Форумның алғашқы күніндегі екі панельдік сессия Орталық Азия мәселелеріне арналды.
Форум аясындағы басты іс-шаралардың бірі – дәстүрлі III Орталық Азия қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы «Өзгеріп жатқан жаһандық қауіпсіздік архитектурасындағы Орталық Азия» болды. Пікірталасқа қатысқан Орталық Азиядағы жетекші сараптамалық орталықтардың басшылары халықаралық қауіпсіздік жүйесінің трансформациясы аймақтық тұрақтылық пен дамуға қандай қауіп-қатерлер төндіретінін талқылап, өңірлік ынтымақтастықтың келешегі мен Орталық Азияның күшейіп келе жатқан поляризация жағдайындағы жаһандық диалогқа көпір болу рөлі жөнінде пікір алмасты.
Сессияны ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің бас ғылыми қызметкері Санат Көшкімбаев жүргізді. Форумда баяндама жасаған ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Орталық Азияның бейбіт қатар өмір сүру, тепе-теңдік сақтау және ымыра табу тұрғысынан бірегей тәжірибеге ие екенін атап өтіп, бұл тәжірибе жаһандық басқару мен қауіпсіздік қағидаттарын қайта қарастыруға Орталық Азияның қомақты үлесі бола алатынын айтты.
«Осы тұрғыда біз орта державалардан құралған Сарапшылық альянс құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Бұл алаң ұстанымдарды, мүмкіндіктер мен жобаларды үйлестіруге арналған платформаға айналуы мүмкін. Мұндай құрылым БҰҰ-ны жаңғыртудың зияткерлік құралы ретінде әрекет етіп, қауіпсіздік, орнықты даму және жауапкершілік мәселелері бойынша келісілген көзқарастарды қалыптастыра алар еді. Оның практикалық бағыттарының бірі — жаңа сенім философиясы мен алдын алу дипломатиясының негізі ретінде әскери қақтығыстардан азат кеңістіктер тұжырымдамасын ілгерілету бола алады», – деді ҚСЗИ директоры.
Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Хайриддин Усмонзода соңғы жылдары Орталық Азия елдері үшін өңірлік ынтымақтастықты дамытуда кең өріс ашылғанын атап өтті.
«Сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық өзара іс-қимыл салаларындағы, сондай-ақ су-энергетикалық және азық-түлік әлеуетін ұтымды пайдалану бағытындағы барлық мүмкіндіктерді пайдалану Орталық Азия мемлекеттері арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге ықпал етеді. Бұл өз кезегінде өңірдің орнықты экономикалық дамуы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін берік іргетас бола алады», – деген пікір білдірді тәжік сарапшысы.
Қазақстан Республикасындағы Түрікменстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Батыр Реджепов өз елінің бейтараптық пен бейбітшілікті нығайту саласындағы табысты тәжірибесін таратып, оны институционаландыруды ұсынды.
«Түрікменстан көпжақты дипломатияны нығайтуды, халықаралық құқық нормаларына құрметпен қарауды және тең құқықты, өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуды тұрақты түрде қолдайды. Осы тұрғыда Түрікменстан Ашхабадта Бейтараптық және қауіпсіздік институтын құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынады. Бұл институт бейтараптық және соған қатысты мәселелер бойынша ғылыми жұмыстар мен зерттеулер жүргізуге арналған тиімді алаң бола алар еді», – деді түрікмен елшісі.
Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық бастамалар институты директорының орынбасары Адилбек Шумкарбек уулу бүгінгі таңда Орталық Азия үшін негізгі сын-қатерлерге жауап іздеу барысында өңірдің әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерін ескеру аса маңызды екенін атап өтті.
«Соңғы жылдардағы зерттеулерді талдау көрсеткендей, Орталық Азия елдері халқының әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерін зерттеуге арналған мақсатты ғылыми еңбектер мен сараптамалық материалдар әлі де жеткіліксіз. Біз осы бағыттағы зерттеулерді дамытуды ұсынамыз. Бұл әр ұлттың мықты тұстарын және артықшылықтарын тереңірек түсінуге жол ашады. Мұндай білім тек жаңа сын-қатерлерге дайын болуға ғана емес, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-мәдени әлеуетін орнықты экономикалық өсудің негізі ретінде пайдалануға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Адилбек Шумкарбек уулу.
Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты директорының орынбасары Бахтиёр Мустафаев өз сөзінде соңғы жылдары Орталық Азия елдері дәстүрлі сауда аясынан шығып, өнеркәсіптік кооперацияны, бірлескен инвестициялық жобаларды және жоғары қосылған құны бар өнім өндіруді дамыта бастағанына назар аударды.
Өзбекстандық сарапшы Орталық Азия елдерінің әлеуеттерін біріктіре отырып, өңірге ортақ бірқатар мәселелерді бірлесіп шешуді ұсынды. Атап айтқанда, шикізаттық бағыттылық пен экономиканың бір саласына тәуелділік, көлік тұйықтығы, цифрлық теңсіздік, демографиялық қиындықтар, климаттың өзгеруі және Ауғанстан факторы сияқты күрделі түйткілдерді атап өтті.
Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі форумның қисынды жалғасы ретінде Орталық Азия мен Ауғанстан арасындағы прагматикалық ынтымақтастықты дамытуға арналған сессия болды.
Сессияға қатысушылар соңғы жылдары өзара ынтымақтастықтың нығайғанын атап өтті. Бұл аймақ елдері мен Ауғанстан арасында сауда келісімдерінің жасалуымен сипатталады.
ҚР Президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Еркін Тұқұмов Ауғанстанмен сауда-экономикалық және көлік салаларындағы ынтымақтастықты басым бағыт ретінде айқындап, Орталық Азия мен Ауғанстанды Оңтүстік Азиямен – Пәкістан және Үндістанмен – байланыстыратын жаңа көлік бағыттарын құрудың маңыздылығына назар аударды.
«Ауғанстан ежелден транзиттік торап рөлін атқарып келген – оның аумағы арқылы Ұлы Жібек жолы мен өзге де сауда дәліздері өткен. Бүгінде Орталық Азия елдері секілді Ауғанстан да жүк транзитін және Оңтүстік Азия нарықтарына шығуды қамтамасыз ететін тұрақты әрі сенімді көлік жолдарын дамытуға мүдделі. Бұған дейін біздің аймақ негізінен Батысқа, кейінірек – Шығысқа, ең алдымен Қытайға бағытталған еді. Ал Оңтүстік бағыт ұзақ уақыт бойы Орталық Азия үшін шетте қалып келді, оның басты себебі – Ауғанстанның жарты ғасырға жуық соғыс жағдайында болғаны. Қазір жағдай біртіндеп өзгеруде. Толық қауіпсіздік туралы айту әлі ерте болғанымен, қауіп-қатер деңгейі айтарлықтай төмендеді: «Талибан» қозғалысы елді іс жүзінде бақылауда ұстап отыр, ал жалпы тұрақтылық деңгейі артты», – деп атап өтті Еркін Тұқұмов.
Орталық Азия халықаралық институтының (Өзбекстан) директоры Джавлон Вахабов Ауғанстан бағытында Орталық Азия үшін кешенді және келісілген қадамдарды әзірлеуді ұсынды.
«Инфрақұрылымды дамытуға өңірлік көзқарасты қалыптастыру, ауған жолының тұрақты үйлестіру механизмін құру, сарапшылар диалогын дамыту, саясатты үйлестіру, зерттеулермен алмасу және бірлескен шешімдерді әзірлеу үшін «Орталық Азия – Ауғанстан» халықаралық форумын өткізу қажет», — деді ол.
«Сонымен қатар, Ауғанстанды Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару тетіктеріне интеграциялау, Әмудария өзенін әділ пайдалану үшін көпжақты негізді дамыту, климат пен су қауіпсіздігі мәселелері бойынша ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту үшін Ауғанстанды аймақтық су диалогына тарту мүмкіндігін қарастыру маңызды», — деп атап өтті өзбек сарапшысы.
Бейбітшілік және дипломатия институтының (Канада-АҚШ) атқарушы директоры Юнес Зангиабади өз сөзінде Орталық Азияның Ауғанстанға прагматикалық көзқарасын ерекше атап өтті.
«Орталық Азия Ауғанстан бойынша осындай көпжақты диалогтың ұйымдастырушысы, қатысушысы және кепілі ретінде аймақтық деңгейде шешуші рөл атқаруға қабілетті. 2000-шы жылдардың басында болған 6+2 форматы қайта жаңғыртылуы және жаңартылуы мүмкін қызықты үлгі болып қала береді. Бұл формат Ауғанстанның болашағын ресми және ақпараттық тұрғыдан талқылау үшін аймақтық және жаһандық державаларды біріктірді» – деді сарапшы.
Сессия жұмысына Ауғанстан Сыртқы істер министрлігі жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Валиулла Шахин де қатысты. Ол Ауғанстанның су ресурстарына қатысты мәселелер бойынша келіссөздерге қатысуға дайын екенін атап өтіп, елінің Орталық Азиядағы көршілерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Талқылау соңында сарапшылар Ауғанстанмен сындарлы диалог пен практикалық ынтымақтастықты дамытудың өңірлік тұрақтылықты нығайтуға және қауіпсіздіктің болжамды архитектурасын
2025 жылғы 16 қазанда Astana Think Tank Forum өз жұмысын жалғастырды. Форумның екінші күнінде жаһандық нарықтардың фрагментациясы жағдайындағы инвестициялар; Еуразиядағы сауда-көлік дәліздерін дамыту; жасанды интеллект және онымен байланысты этикалық дилеммалар; климаттың өзгеруі мен су проблемаларының демографиялық процестер мен көші-қонға әсері секілді тақырыптар талқылауға шығарылды. Сондай-ақ форум аясында бірқатар параллель іс-шаралар мен екіжақты кездесулер өтеді.











