«Жасыл» күн тәртібі таяу болашақта Орталық Азиядағы экономикалық саясаттың негізгі драйверлерінің бірі болмақ. Бүгінде саяси және сараптамалық деңгейде «жасыл» даму бағытында өңір елдерінің өзара іс-қимылы жанданып жатыр.
Сонымен қатар көміртексіздендіру үдерісі баламалы энергияны пайдалануды кеңейту, дәстүрлі өндірістерден парниктік газдар шығарындыларын азайту, энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуді дамытудың маңызды мәселелерін қарастырады. Сондықтан осы бағыттағы Орталық Азия елдерінің ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейту қажет. Дегенмен көміртексіздендіруді тиімді жүзеге асыру үшін әр мемлекетте қолайлы жағдай болуы керек.
Біріншіден, бұл бейіндік нормативтік-құқықтық база және тұжырымдамалық қамтамасыз ету. Жалпы, ол «жасыл» саланы ынталандырып, «қоңыр» салаларды әлсіретуге, сондай-ақ эмиссияларды азайтуға бағытталуы керек.
Екіншіден, «жасыл» қаржыландыру. Банктердің тұрақты қаржыландыруды іске асыруының негізгі шарты – жасыл қорландыруды және өзге де жеңілдіктерді тарту. Мұны әртүрлі тетіктер арқылы жүзеге асыруға болады: халықаралық институттардан «жасыл» қорландыруды тарту, «жасыл» облигациялар шығару, мемлекеттен пайыздық мөлшерлемеге субсидиялар және т. б.
Үшіншіден, технологиялық жаңғырту. Елдің көміртексіздендіру саясатының негізі баламалы энергетиканы кеңейту және базалық салаларда цифрлық технологияларды пайдалану негізінде технологиялық жаңғырту болуы қажет. Өнеркәсіп, көлік және тұрғын үй-коммуналдық сектор сияқты экономиканың әртүрлі секторларында энергетикалық тиімділікті жақсартуға бағытталған заманауи технологияларды енгізу де маңызды.
Қазақстан қазірдің өзінде өз экономикасын дәйекті көміртексіздендіруге бағыттап, қолайлы жағдай жасап жатыр.
Мәселен, биыл ақпан айында Париж келісімінің мақсаттарын іске асыру шеңберінде ҚР көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясы бекітілді.
Елімізде көміртексіздендіру жөніндегі ұлттық инфрақұрылымның бірқатар негізгі элементтері іске қосылды. Парник газдарының шығарындыларына квоталармен сауда жүйесі құрылды. Жаңартылатын энергия көздері негізінде генерация жөніндегі жобаларды іріктеу үшін аукциондар ұйымдастырылып, «жасыл» жобалардың таксономиясы бекітілді.
Сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындарға экологиялық төлемдерден толық босату есебінен өндірісті жаңғырту мүмкіндігі беріледі. Өз кезегінде ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар биыл қаңтар айынан бастап шығарындыларды бақылайтын автоматтандырылған жүйелерді орнатуға міндетті.
Ел экономикасының көміртегі сыйымдылығын төмендету және экономикалық шығындардың алдын алу бойынша қабылданып жатқан іс-шаралар шығарындылар саудасының ұлттық жүйесін еуропалық жүйемен жақындастыруды қамтиды.
Осылайша Қазақстанда тұрақты, төмен көміртекті экономикаға көшу бойынша оң тәжірибе жинақталып жатыр. Жалпы, көміртексіздендіру қоршаған ортаға келетін зиянды азайтып қана қоймай, экономиканың жаңа технологиялық салалары мен секторларының дамуына ықпал етеді.
Алайда жасыл экономикаға көшу және ЖЭК енгізу айтарлықтай инвестицияларды қажет етеді. Осыған байланысты жаңа технологияларды неғұрлым тиімді әрі дәйекті енгізу үшін өңір мемлекеттерінің кооперациясы қажет.
Орталық Азия елдері интеграциясының сұраныстағы тректері: бірыңғай қолайлы бизнес-ахуалды қамтамасыз ету және инвесторлар үшін тартымдылықты арттыру бойынша бірлескен жұмыс, электр энергиясын өзара жеткізуді және су ресурстарын ұтымды пайдалануды ұйымдастыру, сондай-ақ өңір тауарларының бәсекеге қабілеттілігі үшін экономика салаларын цифрландыру.
Сонымен қатар суды пайдалану мәселелерін шешу үшін трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі ынтымақтастықтың жаңа тетіктері мен құралдары талап етіледі. Әр тараптың мүдделерін ескеретін су және энергетикалық қатынастарды реттеудің саяси және құқықтық шараларын әзірлеу қажет.
Әлішер Тәстенов,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы