2023 жылғы 1 қарашада Ашхабадта «Орталық Азия – Корея Республикасы» ынтымақтастық форумы Сыртқы істер министрлерінің 16-шы отырысы өтті. Іс-шара «Орталық Азия мен Корея Республикасында тұрақты болашақты қалыптастырудағы жастардың орасан зор әлеуетін іске асыратын ынтымақтастық» тақырыбына арналды.
Мұндай кездесуді кезекті 16-шы рет өткізу көпжақты диалогтың жоғары тиімділігін көрсетеді. Форумның жүйелілігі талқыланатын мәселелер шеңберін кеңейтіп әрі тереңдетіп, білім беру, гуманитарлық және мәдени салалардағы байланыстарды нығайтуға маңызды серпін берді.
Бүгінгі таңда Оңтүстік Корея – Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі, қарқынды экономикалық даму мен технологиялық серпілістің үлгісі. Елдің экономика мен инновацияның әртүрлі салаларындағы табысты тәжірибесі көптеген экономистердің зерттеу тақырыбына айналды.
Оңтүстік Кореямен стратегиялық ынтымақтастықты нығайту әрі кеңейту – Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыты. Өзара әрекеттестіктің маңызды бағыттарының бірі – табысты тәжірибелерді зерделеп, озық технологияларды енгізу болғандықтан, бұл Қазақстанның дамуына және елдің әлемдік аренада бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
«Орталық Азия+» форматы Қазақстанға екіжақты қатынастарды, оның ішінде Оңтүстік Кореямен қарым-қатынасты дамытуда көптеген артықшылықтар береді. Өңірдің жетекші экономикасы ретінде Қазақстан осы форумды одан әрі дамытуға және қалыптастыруға мүдделі. Мысалы, соңғы 18 жылда Қазақстанға 9,2 млрд доллар инвестиция салынды. Елде кореялық капиталмен 700-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, Қазақстан – Оңтүстік Кореяның Орталық Азиядағы негізгі сауда серіктесі. Елдер арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 2,3 есе өсіп, 6,1 млрд доллардан асты. Былтыр Қазақстан экономикасына $1,5 млрд көлемінде инвестициялар ағынымен тарихи рекорд орнатылды. Бұдан басқа, екі есеге өскен қазақстандық экспорттың оң серпіні байқалады.
Қазақстан сауда маршруттарын әртараптандыруға ұмтыла отырып, Таяу Шығыс және Батыс елдерімен сауда жасауға мүмкіндік беретін Орта дәлізді дамытуда. Елдің географиялық жағдайы сауда-логистика саласына Оңтүстік Корея инвестицияларын тартуға мүмкіндік береді. Бұған себеп – Оңтүстік Корея да көлік-логистика орталықтары мен кешенді терминалдар құру арқылы көлік және логистика саласындағы ынтымақтастыққа мүдделі.
Бұған дейін 2023 жылдың 31 тамызында Ақтауда көлік тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Бұнда Пусан Экономикалық даму агенттігінің Президенті осы саладағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.
Машина жасау саласында Оңтүстік Кореядан келген стратегиялық әріптестер озық технологиялар мен инновацияларды енгізуде. Бұл Қазақстандағы заманауи өндірістік үдерістердің дамуына ықпал етеді. Биыл Қазақстанда Kia зауыты Орталық Азия мен ТМД-дағы жалғыз CKD технологиясы бойынша шағын торапты өндірісті іске қосты.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Оңтүстік Корея цифрлық технологиялар, электротехника, денсаулық сақтау, жасыл энергетика және креативті экономика сияқты алдыңғы қатарлы салалардағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Осыған байланысты Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Корея үкіметаралық комиссиясы және Іскерлік кеңес сияқты құрылымдар маңызды рөл атқарады.
Жалпы, Қазақстанда Корея Республикасымен ынтымақтастық тұрақты жоғары деңгейде екенін атап өткен жөн. Бұл ел – тұтастай алғанда Шығыс Азиядағы Қазақстан мен Орталық Азияның инновациялар мен жаңа технологиялар саласындағы аса маңызды перспективалы стратегиялық әріптестерінің бірі.
Бауыржан Әукен,
Азиялық зерттеулер бөлімінің
аға сарапшысы