Skip to content
Басты бет » Орталық Азия және Корея сараптамалық орталықтарының ынтымақтастығы Astana Think Tank Forum 2025 алаңында талқыланды

Орталық Азия және Корея сараптамалық орталықтарының ынтымақтастығы Astana Think Tank Forum 2025 алаңында талқыланды

2025 жылғы 15 қазанда Astana Think Tank Forum 2025 аясында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Жандос Шаймарданов пен «Корея Республикасы – Орталық Азия» ынтымақтастық форумының хатшылығының атқарушы директоры, Корея қорының вице-президенті Ри Джон Кук арасында кездесу өтті.

ҚСЗИ директоры өз сөзінде Институттың халықаралық зерттеу ұйымдарымен белсенді ынтымақтастық орнатып келе жатқанын атап өтті.

«Қазақстан мен Корея Республикасының достық пен сенім рухындағы ұзақ мерзімді әрі тиімді ынтымақтастыққа деген ортақ көзқарасы бар. Өткен жылдың маусым айында Корея Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы серіктестіктің жоғары деңгейін көрсетті. Корея Қазақстанның экономикалық дипломатиясының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді, ал екіжақты сауда-экономикалық байланыстар қарқынды дамуда», – деді Жандос Шаймарданов.

Кездесу барысында тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың болашақ бағыттары бойынша пікір алмасты, сондай-ақ ҚСЗИ мен Кореяның жетекші сараптамалық орталықтары арасында бірлескен зерттеу және білім беру жобаларын жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Аймақтық экономикалық интеграция, соның ішінде Орталық және Шығыс Азия арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды кеңейту перспективасына баса назар аударылды. Сондай-ақ тараптар «K-Silk Road» бастамасы мен «С5+Корея» форматындағы ынтымақтастықты талқылап, олардың өңірлер арасындағы орнықты даму мен сенімді нығайтудағы маңызына тоқталды.

Өзара келіссөздерде Корея мен Орталық Азия елдерінің сараптамалық орталықтары арасындағы серіктестікті дамыту, сондай-ақ «Корея – Орталық Азия» (Korea – Central Asia Think Tank Forum) сараптамалық форумын өткізу перспективасы басты тақырыптардың бірі болды.

Кездесу соңында тараптар сараптамалық өзара іс-қимылды нығайту өңірлік тұрақты дамудың маңызды құралы екенін айта келе, диалогты жалғастыруға және әріптестікті тереңдетуге дайын екендерін білдірді.