2023 жылдың 7 сәуірінде Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (бұдан әрі – ҚСЗИ) және Әзербайжан Республикасының Халықаралық қатынастарды талдау орталығы (бұдан әрі – ХҚТО) ұйымдастыруымен Қазақстан-Әзербайжан сараптамалық кеңесінің екінші отырысы өтті.
Іс-шара Әзербайжан Республикасының Президенті И. Әлиевтің Қазақстанға ресми сапарына орайластырылды.
Отырысқа ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов, ХҚТО басқарма төрағасы Фарид Шафиев, депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ екі жақтың жетекші талдау орталықтарының басшылары мен сарапшылары қатысты.
Кездесуді аша отырып, институт директоры Еркін Тұқымов ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы тамызда Баку қаласына ресми сапары Қазақстан-Әзербайжан қарым-қатынасында жаңа белесті ашқанын айтты. «Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан мен Әзербайжан – жақын мемлекеттер, біз стратегиялық серіктес және одақтастармыз», – деді Е. Тұқымов.
Сондай-ақ институт директоры Қазақстан–Әзербайжан сараптамалық кеңесінің маңызына тоқталды. «Жарты жыл ішінде осы диалог алаңында екінші рет кездесіп отырғанымыз өзара қызығушылықтың артқанын және барлық бағыттар бойынша қарым-қатынасымызды дамыту қажеттігін айғақтайды», – деді ол. Қазақстан мен Әзербайжан басшыларының ресми сапарларын ұйымдастыру бойынша елшілердің жұмысына назар аудара отырып, Еркін Тұқымов Президент Әлиевтің Астанаға ресми сапарын асыға күтетінін және екі жақтың қарым-қатынасы қосымша серпін алатынына сенім білдірді.
ҚСЗИ басшысы атап өткендей, сарапшылық кеңестің отырыстарын жиі әрі жүйелі түрде өткізу қажет. «Мемлекеттік органдар тарапынан Қазақстан мен Әзербайжанның транзиттік әлеуетін, туризм, мәдени ынтымақтастық және екіжақты қарым-қатынастың басқа да салаларын дамыту бойынша ұсыныстарға үлкен сұраныс бар», – деді Е. Тұқымов.
Өз кезегінде ЦАМО басшысы Фарид Шафиев іс-шараны екі ел арасындағы қарым-қатынастарды сараптау, қандай міндеттерді шешу керектігін анықтау және ынтымақтастықты дамытудың жалпы динамикасына баға беру мақсатында Президент Әлиевтің Қазақстанға сапары қарсаңында өткізуді ұйғарғанын мәлімдеді.
2022 жылы Қазақстан-Әзербайжан өзара іс-қимылының даму серпініне оң баға бере отырып, сарапшылар энергетика, көлік мәселелері, атап айтқанда Транскаспий логистикалық бағыттары бойынша тасымалдарды оңайлату және жеделдету тетіктері бойынша ведомствоаралық және сараптамалық байланыстардың жоғары белсенділігін атап өтті.
«Қазақстандағы саяси реформалардың қарқындылығын және олардың бүкіл Орталық Азияның дамуына оң серпін бергенін бөлек атап өткім келеді», – деді Ф.Шафиев.
Талдау орталықтарының басшылары Астана мен Баку арасында ашылған тікелей әуе қатынасы туристік ағындарды арттыратынына және туризмнің орасан зор әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретініне ортақ үміт білдірді.
Осыған байланысты Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев туристік ұсынымдар мен маршруттарды дамыту қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар ол Каспий логистикалық инфрақұрылымына қаржы бөлу маңызына тоқталып, жоғары оқу орындарында сарапшылардың қонақ дәрістерін өткізу форматында білім саласында ынтымақтастықты күшейтуді ұсынды. Сондай-ақ Қалиев мырза сараптамалық кеңес әзірлеген ұсыныстарды тәжірибеде қолдану маңызды екенін айтты.
Іс-шараға қатысқан Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Агалар Атамогланов Президент Қ. Тоқаевтың 2022 жылғы тамызда Бакуге сапары барысында қол қойылған елдер арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды тереңдету туралы декларацияның маңызына назар аударды. Елші қазақстандық әріптестеріне биылғы Тәуелсіз Әзербайжанның экс-президенті Гейдар Әлиевтің 100 жылдығын мерекелеуге қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, Қазақстан-Әзербайжан қатынастарын түркі интеграциясының маңызды буыны деді.
Сарапшылар екіжақты қатынастардың сауда-экономикалық көрсеткіштерінің өсу әлеуетіне оң баға берді. Тараптар елдер арасындағы, оның ішінде мәдени алмасу саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ сараптамалық ынтымақтастықты кеңейтудің өзекті мәселелерін талқылады.