2023 жылғы 10 қарашада Астана қаласында «Жергілікті өзін-өзі басқару институтын нығайту. Өзара әрекеттестік пен тәжірибе: Қазақстанда Фридрих Эберт қорының 30 жылдығы» конференциясы өтті. Іс-шара ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) және Қазақстандағы Фридрих Эберт қоры. Отандық және шетелдік жетекші сарапшылар, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектор өкілдері жиналған іс-шара екі маңызды мерейтойға – Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты қызметінің 30 жылдығы мен Қазақстандағы Фридрих Эберт қорының 30 жылдығына орайластырылды.
ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов алғы сөзінің барысында Фридрих Эберт атындағы қорға ұзақ мерзімді ынтымақтастық үшін алғыс білдірді. «ҚСЗИ мен Қордың 30 жылдық ынтымақтастығы – елеулі жетістік. Фридрих Эберт қоры – біздің ең сенімді серіктестеріміздің бірі. Қорға ұзақ мерзімді әрекеттестік пен Қазақстандағы ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтқым келеді. Болашақта ынтымақтастығымызды жалғастырып, одан әрі кеңейтеміз деп үміттенеміз», – деді институт басшысы.
Сөзін жалғастыра отырып, ҚСЗИ директоры бүгінгі іс-шараның тақырыбы, яғни жергілікті өзін-өзі басқару мәселесі Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалар контекстінде өте маңызды екенін атап өтті. «Тиімді жергілікті өзін-өзі басқару мәселесі әрбір азаматқа тікелей қатысты. Бұл механизм қалаларда, ауылдарда және аудандарда туындайтын мәселелерді уақтылы шешуді қамтамасыз ету үшін маңызды. Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту үшін қажетті тетіктер бар деп сеніммен айтуға болады», – деді Е.Тұқымов.
«Германияда жергілікті өзін-өзі басқару – мемлекет пен демократияның дамуының негізі. АҚШ-та лауазымдардың көп бөлігі штат деңгейінде сайланады. Мектеп пен құбыр салудан бастап, пойыз өткізуге дейінгі барлық мәселелер жергілікті деңгейде шешіледі. Шешім табу үшін Вашингтонға ешкім жүгінбейді», – деді ҚСЗИ директоры.
Еркін Тұқымовтың айтуынша, осы айда пилоттық негізде өткен аудан әкімдерін сайлау әкімдерге халық алдындағы жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік береді. «Сайланған әкімдер үшін биліктің тек жоғары деңгейлерімен ғана емес, бірінші кезекте – өз ауданының немесе қаласының азаматтарымен қарым-қатынас орнату маңызды болып отыр», – деп атап өтті Е.Тұқымов.
«Жүзеге асырылып жатқан реформалардың арқасында тұрғындар өз елді мекендерінің әкімдерін сайлауға тікелей қатысуға, сол арқылы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық өзгерістерге ықпал етуге мүмкіндік алды. 2021 жылдан бастап, 1 700 ауыл әкімі сайланды. Өткен аптада облыстық маңызы бар 42 аудан мен 3 шағын қалада әкімдердің пилоттық сайлауы өтті. Сайлау жергілікті мемлекеттік басқару жүйесіндегі институционалдық трансформация үдерісіне әсер етті. Бізде сапалы жаңа орта қалыптасып жатқаны анық. Өткен сайлау сондай-ақ әкімдер корпусының жаңаруына әкелді. Бұны кандидаттардың сипаттамаларынан байқауға болады: олардың жартысынан көбі өзін-өзі ұсынды. Сонымен қатар бұл азаматтық қоғамның жанданғанын көрсетіп, әртүрлі идеялар мен көзқарастарды кеңінен талқылауға ықпал етеді. Тіркелген үміткерлердің орташа жасы 46,4 жасты құрады. Бұл жергілікті өзін-өзі басқару органдарына басқарушылардың салыстырмалы түрде жас буынының келуін көрсетеді. Сонымен қатар жаңа шешімдердің жақсы негізін білдіреді. Үміткерлер әртүрлі кәсіби топтардың өкілдері: экономистер, заңгерлер, оқытушылар, инженерлер және ауылшаруашылық білімі бар мамандар. Айта кетейік, барлық тіркелген 7 саяси партия белсенділік танытты», – деп түйіндеді өз сөзін ҚСЗИ басшысы.
Өз кезегінде Фридрих Эберт қорының елдік директоры Александр Вольтерстің айтуынша, қазіргі әлем алдында тұрған көптеген қиындықтар жергілікті деңгейде шешуді талап етеді. «Жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдарын нығайту және осы мәселе бойынша пікір алмасу тақырыбы – ынтымақтастығымыздың 30 жылы бойы өте өзекті. Қауымдастықты, азаматтарды көптеген сын-тегеуріндерді еңсеруде институционалдық қолдау – практиктердің, жоба жетекшілерінің, сарапшылар мен басқарушылардың күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. Мықты жергілікті институттар – әрбір қауымдастық деңгейінде тұрақты әлеуметтік бейбітшілікке, ынтымақтастыққа және тұрақты дамуға қол жеткізудің негізгі алғышарттарының бірі», – деп қорытындылады А.Вольтерс.
Айта кетейік, конференцияға «Amanat» партиясы Қоғамдық саясат институтының басшысы Мадина Нұрғалиева, Фрёнденбург қаласының (Германия) бұрынғы мэрі Фридрих Вильгельм Ребе, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева, ҚР ҰЭМ Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаменті директорының орынбасары Миржан Иманбаев, Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының директоры Сергей Худяков қатысты.
Конференция соңында қатысушылар жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы диалог пен ынтымақтастықты күшейту қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді. Қарастырылған тақырыптар, оның ішінде әлеуметтік демократия, азаматтардың қатысуы, қатысу бюджеті және жергілікті сайлауды ұйымдастыру жергілікті басқарудың күшті және тиімді тетіктерін дамытудың маңыздылығын көрсетті. Қатысушылар елдер мен өңірлер арасындағы диалог пен тәжірибе алмасу азаматтардың өмірін жақсартуға және жергілікті деңгейде тұрақты дамуды қамтамасыз етуге қабілетті ең үздік шешімдер мен тәжірибелерді табуға жәрдемдесетініне сенім білдірді.