Швецияның ғылыми және экономикалық салалардағы даму тәжірибесі бүкіл әлемде танылған. Қазақстан еуропалық елмен белсенді түрде қарым-қатынас орнатып келеді: 2023 жылы өзара сауда көлемі 467 миллион долларға жетті, Швециядан экономикаға 620 миллион доллардан астам инвестиция тартылды. Швеция жоғарғы оқу орындарында «Болашақ» бағдарламасы бойынша 130-дан астам қазақстандық студенттер білім алды.
Бүгінде екі ел арасындағы зияткерлік ынтымақтастық тереңдеп келеді. Ғылыми бағытта тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтына Швецияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ева Полано және Швеция СІМ Шығыс Еуропа және Орталық Азия департаменті директорының орынбасары Педер Валинд Годо келді. ҚСЗИ-ды шведтік әріптестер Еуропалық Одақтың басқа да ғылыми-зерттеу ұйымдарының сарапшылары бас қосатын диалог алаңы ретінде қарастырады.
Сонымен қатар ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов Стокгольмдегі бейбітшілік мәселелерін зерттеу институтымен (SIPRI), Стокгольм экономика мектебімен және басқа да жетекші талдау орталықтарымен байланыс орнатуға ниет білдірді.
Атап өтетін болсақ, SIPRI бейбітшілік пен қақтығыстар мәселелерін, ең алдымен қару-жарақты бақылау және қарусыздану мәселелерін зерттеумен айналысады. Директор ҚСЗИ-да осы мәселелермен тікелей айналысатын халықаралық қауіпсіздік бөлімі құрылғанын атап өтті. Қазіргі жаһандық үрдістерді ескере отырып, осы бағыттағы бірлескен жұмыс екі ел үшін де өзекті.