Skip to content
Басты бет » Ташкенттегі Халықаралық дөңгелек үстел: БББЖ-ны дамыту және Орталық Азиядағы Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығы

Ташкенттегі Халықаралық дөңгелек үстел: БББЖ-ны дамыту және Орталық Азиядағы Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығы

        

11 қазанда Ташкентте БББЖ-ның («Бір белдеу, бір жол») 10 жылдығына арналған «Бір белдеу, бір жол: Орталық Азия елдері үшін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға түрлі елдердің сарапшылары мен өкілдері қатысты. Талқылаудың басты тақырыбы – «Бір белдеу, бір жол» бастамасының маңызы және оның аймақтың экономикалық дамуына әсері. Бастама шеңберіндегі ынтымақтастық инвестициялық жобалар мен сауда-экономикалық қатынастарды қоса алғанда, көпжоспарлы әріптестіктің маңызды факторына айналды.

Дөңгелек үстел аясында Орталық Азия өңіріндегі көпжақты қатынастардың тиімділігін арттыру жолдары талқыланды. ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов өз сөзінде Қазақстан аймақтағы басқа елдермен қатар «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асырудың белсенді қатысушысы екенін атап өтті. ҚСЗИ басшысы Қазақстан визалық режимді жеңілдету маңызды рөл атқара алатын инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында Қытаймен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталғанын баса айтты.

Бұл ретте кооперациядағы одан әрі даму өңірдің тарихын зерделеу үшін Орталық Азия елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық аспектідегі ынтымақтастықты күшейтуді талап етеді. Еркін Тұқымовтың айтуынша, бұл бағытта Қытай Халық Республикасымен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, елдердің «мұрағаттық» ұйымдары арасындағы байланысты дамыту қажет.

Сонымен қатар спикер жаңа жаһандық шынайылықта достық қағидаттары мен өзара тиімді негізде транзиттік-көліктік ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.

Дөңгелек үстелдің негізгі бөлігі аясында Қазақстан тарапынан Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің басшысы Бекжан Садықов сөз сөйледі. Оның айтуынша, Қазақстан мен Орталық Азия үшін перспективалы артықшылықтарға байланысты Жібек жолы экономикалық белдеуін одан әрі бірлесіп салуға еліміз зор қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ сарапшы Қазақстан Республикасы Азия мен Еуропа арасындағы трансөңірлік байланыстарды дамытуға мүмкіндік беретін көпвекторлы саясаттың орнықтылығын сақтауға баса назар аударатынын айтты.

«Орталық Азия елдері көлік-логистикалық әріптестік пен экономикалық кооперацияны дамыту мақсатында бүгінгі таңда жаһандық сауданың болашағын қалыптастыратын үрдістерге, мысалы, төмен көміртекті даму мен цифрландырудың трендтеріне көбірек көңіл бөлуі керек», – деп түйіндеді өз сөзін Бекжан Садықов.