Skip to content
Басты бет » Үндістанның сыртқы саясатындағы Орталық Азия векторына көзқарас

Үндістанның сыртқы саясатындағы Орталық Азия векторына көзқарас

Мұхит Асанбаев,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы,
саяси ғылымдарының кандидаты

Қазіргі әлемде Үндістан ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан державалардың бірі ретінде ерекше орын алады және жаһандық саясатта барған сайын маңызды рөл атқаруда. Халықаралық аренадағы ықпалын нығайтуды көздеген Үндістан стратегиялық маңызы бар өңірлермен көпжақты қарым-қатынасты дәйекті түрде дамытып келеді. Нью-Дели үшін осындай маңызды өңірлердің бірі – табиғи ресурстарға бай әрі географиялық тұрғыдан тиімді орналасқан Орталық Азия. Бұл өңір Үндістанның экономика, қауіпсіздік, мәдениет және энергетика салаларындағы өзара іс-қимылының белсенді алаңына айналуда.

Үлкен державалар арасындағы бәсекелестік күшейген жағдайда, Үндістан сыртқы саясатындағы Орталық Азия бағытын басымдықтардың біріне айналдырып отыр. Үндістанның Орталық Азиядағы ұстанымы енді жай декларациялардан нақты әрекеттерге ауысып, бұл өңір мен жаһандық саясатта жаңа саяси және экономикалық шындықтарды қалыптастыруда.

Нью-Дели өзін жаһандық ауқымдағы ірі ойыншы ретінде көрсетуге ұмтылуда. Бұл ұмтылыс Үндістанның жақын және алыс азиялық көршілерімен – Үнді мұхиты аймағы, Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Африка және Орталық Азиямен байланысында сыртқы саясатының маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Азиядағы ықпалды күш орталығы ретінде өзін танытқысы келетін Үндістан икемділік пен серпінділік танытып отыр. Бұл әсіресе Орталық Азияға қатысты саясатында айқын көрінеді. Нью-Дели бұл өңірде жаһандық державалардың мүдделері мен қайшылықтарын ескере отырып, тепе-теңдік сақтап, сонымен бірге екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша өз күн тәртібін ілгерілетуде.

Орталық Азияны Үндістанның қазіргі саяси элитасы мен сарапшылары елдің стратегиялық маңыздылығы мен өсіп келе жатқан экономикалық әлеуеті бар өңірі ретінде қарастырады. Осыған байланысты Үндістанның Орталық Азияға қатысты сыртқы саясатының әлеуеті мен оны жүзеге асыруға кедергі болатын бірқатар факторларды да ескеру қажет.

Үндістанның Орталық Азиядағы сыртқы саясаты өңірдегі күштер тепе-теңдігі мен Ресей, Қытай, АҚШ және ЕО-ның мүдделері аясында қалыптасуда. Бұл вектордың барлық негізгі кезеңдерін осы контексте қарастыру қажет. Сонымен қатар, жақын болашақта Үндістанның Орталық Азияға қатысты саясатын жандандыруға ықпал ететін бірқатар факторлар бар.

Біріншіден, қауіпсіздік және ынтымақтастық саласында Үндістан саясатының жандануы бұл елдің Ауғанстанға жақындығымен және одан туындайтын қауіптермен – діни экстремизм, трансұлттық терроризм, есірткі саудасы және заңсыз көші-қонмен байланысты. Ауғанстан тарапынан Үндістанға төнетін қауіптердің күшею ықтималдығы – елдің сыртқы саяси күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Сондай-ақ Үндістанда Орталық Азия елдерінің радикалдану мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды. Мұндай жағдайда Нью-Дели осы проблемаларды шешу үшін саясатын қайта қарауға мәжбүр болады. Үнді сарапшылары Ауғанстан мен Орталық Азиядағы діни экстремизмнің күшеюі Үндістандағы мұсылман халқының радикалдануына әсер етуі мүмкін деп есептейді. Сонымен бірге Үндістанның ішкі саясаты да сыртқы саяси басымдықтарына әсер етуі мүмкін.

Мысалы, Үндістанның саяси элитасы арасындағы индуистік радикалды риторика өңірдегі қауіпсіздік мәселелеріне қатысты көзқарасты өзгертіп, Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық деңгейінің төмендеуіне, тіпті Үндістан мен Пәкістан арасындағы қатынастың шиеленісуіне әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар, Үндістанның Орталық Азия елдеріне қатысты саяси бағыты елдің бұл өңірмен ортақ мәдени-өркениеттік мұрасы туралы тарихи нарративтер негізінде қалыптасып келеді. Алайда бұл ұқсастық Түрікменстан, Қазақстан және Қырғызстан жағдайында Тәжікстан мен Өзбекстанға қарағанда онша сенімді көрінбейді. Соған қарамастан, Үндістанның өңір елдерімен гуманитарлық ынтымақтастығы жалғасуы мүмкін. Оған мәдени іс-шаралар өткізу, студенттер алмасу бағдарламалары, хинди тілін оқыту кафедраларын ашу, табиғи апаттардың салдарын жоюға материалдық көмек көрсету жатады.

Екіншіден, соңғы отыз бойы тұрақты болған Ресей, Қытай және Батыс елдері арасындағы күштер мен мүдделер тепе-теңдігінің өзгеруі және олардың Орталық Азиядағы бәсекелестігінің артуы Үндістанды бұл өңірде, әсіресе қауіпсіздік және әскери ынтымақтастық саласында белсендірек әрекет етуге итермелеуде. Нью-Делидің бұл қадамдары жаһандық державалардың өңірдегі ықпалын теңестіру және өз стратегиялық-экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған. Бұл, әсіресе, Қытайға тәуелді болу қаупі бар Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан сияқты елдерге қатысты өзекті.

Өңірдің өзіндік жеткіліктілігі мен дербестігін арттыру Үндістанның Орталық Азия бағытындағы сыртқы саясатының маңызды бөлігі болып отыр. Нью-Дели бұл өңір елдеріне, әсіресе Қазақстан мен Өзбекстанға, үнді тауарлары мен қызметтерін тасымалдау үшін маңызды транзиттік торап ретінде қарайды. Сол себепті Үндістан өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға, соның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізіне белсенді қатысуда. Бұл дәліз Қазақстан мен Өзбекстан аумағы арқылы өтіп, Үндістанды Еуропа және басқа елдермен байланыстыра алады.

Үндістан «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің Ирандағы Бендер-Аббас және Чабахар порттары арқылы жүзеге асырылуына үлкен үміт артады. Қазіргі уақытта жиі қолданылатын порт – Бендер-Аббас, бірақ бұл бағыт бойынша жүк жеткізуге АҚШ-тың Иранға салған санкциялары кедергі келтіріп отыр. Ал санкцияға ұшырамаған Чабахар порты Үндістан үшін анағұрлым келешегі зор бағыт ретінде бағаланады. Үндістан бұл портты «Солтүстік – Оңтүстік» бағыты бойынша тасымалды ұйымдастыру арқылы Ауғанстан мен Орталық Азияның табиғи ресурстары мен нарығына қол жеткізуді көздейді. Сонымен қатар, бұл бағыт арқылы Қазақстан арқылы еуразиялық нарықтарға да шығуға мүмкіндік туады.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) аясында Үндістан саясатының жандануы да осы мақсаттарға – сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты нығайтуға, Орталық Азия елдерімен экономика, қауіпсіздік және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету салаларында өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған.

Алайда Үндістанның Орталық Азияда белсенді саясат жүргізуіне кедергі келтіретін бірқатар мәселелер де бар. Ең алдымен, бұл – көлік-логистика шектеулері. Орталық Азияның географиялық орналасуы Үндістанның бұл өңірдің ресурстары мен нарығына тікелей қол жеткізуін қиындатады. Қашықтық, инфрақұрылым және тарифтер – Үндістан мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда мен инвестицияны кеңейтуге басты кедергілер. Сонымен қатар, Өзбекстан – әлемдегі ең осал көлік және логистикалық елдердің бірі. Оның теңізге шығатын жолы жоқ, әрі көршілес елдердің ешқайсысы да сыртқы теңіздер мен мұхиттарға тікелей шыға алмайды.

Бұған қоса, Иранға салынған халықаралық санкциялар, қауіпсіздік проблемалары, Пәкістанмен шекаралық даулар, Ауғанстандағы тұрақсыздық, оның қазіргі үкіметінің халықаралық мойындалмауы және Тәжікстанмен шешілмеген қарым-қатынас мәселелері Үндістан саясатының өңірде белсенді жүргізілуіне үлкен тосқауыл болып отыр. Бұл кедергілер Үндістанның өңір елдерімен тұрақты байланыс орнатуын қиындата бермек.

Осылайша, Үндістанның Орталық Азияға қатысты сыртқы саяси стратегиясы қысқа және орта мерзімді перспективада өңірлік және жаһандық жағдайлардың өзгеруіне байланысты түрлі факторлармен айқындалатын болады. Сол себепті Үндістанның сыртқы саясаты жаһандық және өңірлік сын-қатерлерге, сондай-ақ ел ішіндегі ықтимал өзгерістерге жауап ретінде үнемі түрленіп отырады. Бұл Нью-Делидің Орталық Азия елдеріндегі белсенділігінің едәуір артуына әкелуі мүмкін.

Үндістан жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға және өңірлік әрі халықаралық қауіпсіздік мәселелерін шешуге белсенді қатысуды көздей отырып, сыртқы саясаттағы көпвекторлы бағытқа айрықша мән беруді жалғастырады.

Осыған байланысты Үндістанның алдағы сыртқы саясатындағы басты мақсаттары: ШЫҰ және «Үндістан – Орталық Азия» форматтары аясында өңір елдерімен берік әріптестік қатынастар орнатуды жалғастыру, Үндістан мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланысты нығайту, қауіпсіздік пен қорғаныс саласында ынтымақтастықты арттыру.

Сонымен бірге Үндістан мен Орталық Азия елдері арасындағы шарттық-құқықтық базаны кеңейту және өңірлік әрі халықаралық мәселелерді шешу мақсатында дипломатиялық деңгейдегі диалогты жандандыру күтіледі.