Skip to content
Басты бет » Жас сарапшыларды қолдау бағдарламасына қатысушылардың 90%-ы оқыту модулінің мазмұны мен пайдасын оң бағалады

Жас сарапшыларды қолдау бағдарламасына қатысушылардың 90%-ы оқыту модулінің мазмұны мен пайдасын оң бағалады

(Жас сарапшыларды қолдау бағдарламасына қатысушылар сауалнамасының қорытындысы бойынша есеп)

4 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы ҚСЗИ жас сарапшыларын қолдау бағдарламасы шеңберінде оқыту модулі аяқталды.

Модуль аясында агломерация экономикасы мен өңірлік өсім нүктелері, цифрлық трансформация, мәдени капитал мен бірегейлік, демографиялық және көші-қон үдерістері, экологиялық тұрақтылық пен өңірлік даму тұрғысындағы «жасыл экономика», ауылдық аумақтардың тұрақты дамуы және басқа да тақырыптарды қамтитын дәстүрлі дәрістер, воркшоптар, тренингтер, кейс-талдаулар мен жобалық сессиялар форматында 15 дәрістік және практикалық сабақ өткізілді. Бірқатар интерактивті сабақтар Policy paper әзірлеу, көшбасшылық және командада жұмыс істеу бойынша практикалық дағдыларды үйретуге арналды.

Бағдарлама аясындағы дәріскерлер мен тренерлер ретінде Қазақстанның танымал ғалымдары – экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚСЗИ ғалым хатшысы Айгүл Көшербаева, саясаттану ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Санат Көшкімбаев, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова, саясаттану бойынша PhD, Жошы институтының директоры Жақсылық Сәбитов, саясаттану бойынша PhD, қауымдастырылған профессор, ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина, экономика ғылымдарының кандидаты, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ- ТДМ хатшылық директоры Бақытгүл Хамбар дәріс оқыды.

Сондай-ақ бағдарламаға тәжірибеге бағытталған бірқатар сарапшылар мен талдаушылар тартылды. Атап айтқанда, ҚР Индустрия және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова, «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығы» ҚҚ директоры Асқар Қысықов, Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қорының директоры Фатима Герфанова, экономика ғылымдары бойынша PhD, ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Әсел Әбен, ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің жетекшісі Анна Альшанская және басқалар қатысты.

Оқыту модулі аяқталғаннан кейін бағдарлама қатысушылары арасында онлайн-сауалнама жүргізілді. Сауалнама барысында олар оқыту модулінің өзектілігі мен практикалық маңызын, алынған білім мен дағдылардың күнделікті зерттеушілік және талдамалық қызметтегі пайдасы мен қолданбалығын бағалады.

Сауалнама нәтижелері қатысушылардың жоғары қанағаттану деңгейін көрсетті. Респонденттердің шамамен 90% оқыту модулінің мазмұны мен форматын оң бағалап, бағдарлама олардың талаптарын ақтағанын атап өтті.

Қатысушылардың 93,9% дәрістік материалдардың сапасын «өте жақсы» және «жақсы» деп бағалады. Қатысушылардың пікірінше, дәріскерлер өзекті әрі жақсы құрылымдалған тақырыптарды ұсынды. Сонымен қатар, практикалық бөлім – тренингтер мен воркшоптар – де жоғары бағаланды: респонденттердің шамамен 90% оларды пайдалы әрі тәжірибеде қолдануға қолайлы деп таныды.

Оқыту форматтарының ішінде ең пайдалысы ретінде қатысушылардың 71,4% дәрістерді, ал 55,1% кейс-талдауларды атап өтті. Сонымен қатар, тренингтер (30,6%) мен жобалық сессиялар (26,5%) да жоғары бағаланды.

Ең көп қызығушылық тудырған тақырыптар экономика, мемлекеттік басқару, тұрақты даму және мәдени саясат мәселелеріне қатысты болды. Қатысушылар басым бағыттар ретінде агроэкономиканы, экологияны, өңірлік интеграцияны, әлеуметтік инфрақұрылымды, сондай-ақ policy paper дайындауды атады. Бұл қазіргі Орталық Азия үшін өзекті сын-қатерлер контекстінде жүйелі әрі пәнаралық тәсілге деген сұранысты айқындайды.

Қатысушылар Бағдарламаның ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалады. Коммуникация, сабақ кестесі және техникалық қолдау жоғары бағаға ие болды: 75,5% қатысушы ең жоғары ұпай берсе, тағы 18,4% «төрттік» бағамен бағалады. Яғни, қатысушылардың басым көпшілігі оқыту үдерісінің үздіксіз және тиімді ұйымдастырылғанын атап өтті.

Ашық жауаптар келесі нәтижелерді көрсетті: қатысушылар алған білімді жоғары бағалай отырып, тәжірибелік бөлімнің көбірек болуын қалайды. Ұсыныстар қатарында кейс-талдаулар санын арттыру, қолданбалы тапсырмаларды көбейту, талдау құралдарының көрсетілімін ұйымдастыру және тікелей қарым-қатынасты жандандыру бар. Сонымен қатар бірқатар респонденттер оффлайн-форматқа ішінара көшуге қызығушылық танытып, оны анағұрлым тартымды әрі нәтижелі деп есептейтіндерін білдірді.

Жалпы, модуль пайдалы әрі уақыт талабына сай деп бағаланды. Қатысушылардың ұсыныстары бағдарламаны жетілдіруге нақты бағдар береді: практикалық дағдыларға көбірек көңіл бөлу, мазмұнын тыңдаушылардың қызығушылығына сай бейімдеу және мүмкіндігінше офлайн форматтағы кездесулерді қарастыру. Бұл келесі циклдің болашақ сарапшылар үшін бұрынғыдан да мазмұнды әрі мәнді болуына жақсы негіз қалайды.

Бағдарламаның келесі кезеңінде қатысушылар менторлардың қолдауымен сегіз апта ішінде жеке аналитикалық баяндамалар дайындайды. Бағдарлама финалистері 2025 жылғы қыркүйек айының соңында осы жұмыстарды сараптау нәтижесінде анықталады.