Skip to content
Басты бет » Жас сарапшыларды қолдау бағдарламасының 10 финалисі анықталды

Жас сарапшыларды қолдау бағдарламасының 10 финалисі анықталды

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) «Қазақстан өңірлерінің экономикалық және әлеуметтік дамуының жаңа көкжиектері» атты жас сарапшыларды қолдау бағдарламасының қорытындысын жариялады.

Үздік жұмыстардың іріктеу кезеңі аяқталғанын қуанышпен хабарлаймыз: зерттеу жұмысына кәсіби тұрғыдан қарай отырып, өзекті тақырыптарды таңдап, оған жоғары деңгейлі талдау жасаған 10 финалист анықталды.

Финалистер Астана мен Алматы қалаларынан, сондай-ақ Алматы, Қарағанды, Түркістан, Ақтөбе өңірлерінен және Ұлытау облысынан шыққан жас сарапшылар. Әрбір финалист өз жобасын одан әрі жүзеге асыру үшін ҚСЗИ грантына ие болады.

Биыл қатысушылар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының аса маңызды бағыттарын қамтитын жобалар ұсынды. Олардың ішінде тұрақты даму, білім беру, өңірлік экономика, цифрлық қауіпсіздік және ресурстық саясат мәселелері бар. Финалистердің жұмыстары талдаудың тереңдігімен, өзекті деректерді қолдануымен және практикалық ұсынымдарымен ерекшеленді.

Конкурс екі кезеңнен тұрды: білім беру бағдарламасынан өту және жеке аналитикалық баяндама әзірлеу. Сегіз апта бойы қатысушылар әдіснамалық тренингтерді, тақырыптық семинарлар мен мастер-класстарды қамтыған қарқынды оқыту курсынан өтті. Бағдарлама стратегиялық талдау, аналитикалық материалдар дайындау, коммуникация, деректерді өңдеу және болжау мәселелерін қамтыды. Осы арқылы жас сарапшылар академиялық білімдерін тереңдетіп қана қоймай, қолданбалы талдау дағдыларын да жетілдірді.

Бағдарлама үлкен қызығушылық тудырды: 2025 жылғы 7 сәуір мен 30 мамыр аралығында барлығы 78 өтінім қабылданып, оның 76-сы конкурсқа жіберілді. Қатысушылардың ішінде 40 әйел (51,3%) және 38 ер адам (48,7%) болды. Бұл жас аналитиктердің жоғары деңгейде тартылғанын және гендерлік теңгерімнің сақталғанын көрсетеді.

Финалистерді құттықтай отырып, қатысушыларға белсенді қолдау көрсетіп, сараптамалық жетекшілік жасаған менторларға алғысымызды білдіреміз. ҚСЗИ бағдарламаға қатысқан барлық жас сарапшыларға Қазақстан өңірлерінің дамуына қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, ғылыми және аналитикалық қызметте жаңа жетістіктер тілейді.

Финалистер тізімі қоса беріледі.