Қазақстандық әйелдердің гендерлік ымырасы туралы

Айгүл Забирова,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
бас ғылыми қызметкері
Қазақстанда әйелдер Кеңес заманынан бері үй шаруасын атқарумен қатар, жұмыс та істеп келеді. Нәтижесінде қалыпты жағдайға айналған қосарлы рөл қалыптасты, бірақ ол жеңілдік әкелген жоқ.
Қазақстанда әйелдер отбасы бюджетінің тірегіне айналғанына көп болды, бірақ «ананың жұмысы балаға зиян келтіре ме?» деген сұрақ бүгінге дейін әр буын өкілдерінің арасында пікірталас тудырып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, біздің қоғам патриархалдық құндылықтар мен әйелдердің еңбекке қатысуы қатар өмір сүретін ерекше жағдайды көрсетеді.
Әлеуметтануда бұл жағдай қосарлы жүктеме (double shift)[i] режимі деп аталады. Қосарлы жүктеме – бұл әйелдің ақылы еңбегімен қатар жоғары деңгейдегі үй шаруасындағы жүктемесінің қатар жүруі. Мұндай жүктеменің себептері айқын: қаржылық қысым мен мемлекет тарапынан қолдаудың шектеулі болуы. Мәдени қалыптасқан түсінік бойынша, «жақсы ана» өз өмірін түгелдей балаларына арнауы тиіс. Алайда жұмыс істейтін ана ретінде айтарым, мұндай идеалға жету мүмкін емес.
Әйелдер екі күштің ортасында қалады: экономика әйелдерден еңбек нарығында белсенді болуды талап етсе, екінші жағынан отбасы үйдегі толыққанды (ақысыз) еңбекті қажет етеді. Қосарлы жүктеме постсоциалистік қоғамдардың көбіне тән, онда әйелдер ерлермен тең дәрежеде жұмыс істейді және отбасы үшін негізгі жауапкершілікті көтереді, бұл тұрғыда Қазақстанда да сондай жағдай қалыптасқан.[ii].
Қосарлы жүктеме тек қана шынайы өмірде ғана емес, сонымен бірге қоғамның әйел рөлін түсінуінде де көрініс табады. Мәселен, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) сауалнамасының деректері қоғамның бір бөлігі әлі де патриархалды көзқараста екенін, ал екінші бөлігі заманауи ұстанымға бейім екенін көрсетті[iii]. Атап айтқанда, респонденттерге «Әйел жұмыс істегенде, бұл балаларға кері әсер етеді» деген тұжырымға «Толық келісемін»-нен «Мүлде келіспеймін»-ге дейінгі шкала бойынша жауап беру ұсынылды. Келісу – патриархалды ұстанымды, келіспеу – заманауи көзқарасты білдіреді. Отбасылық-гендерлік қатынастардағы патриархалдылық ер адамға басымдық беру және әйелдің шектеулі рөлін білдіреді. Қазақстанда патриархалдылық әртүрлі реңкте көрінеді: қазақтарда ру мен үлкенді құрметтеу дәстүрі мықты сақталған; өзбектерде – ерте некелер мен тұрмыстағы қатаң рөл бөлінісінде; орыстардың аға буында – «ер-адам – асыраушы, ал әйел – үй иесі» деген кеңестік ұстаным бар. Ал заманауилық тең мүмкіндіктерді және рөлдердің икемділігін көздейді: ер мен әйел серіктестер, олардың еңбек пен білімдегі жетістіктері тең, ал отбасы міндеттері өзара бөлінген.
Сонымен, респонденттердің 37,9%-ы ананың ақылы жұмысы балаларға теріс әсер етеді деп санайды. Бірақ көпшілігі (59,4%) бұл пікірмен келіспейді. Біз қосарлы шындықта өмір сүріп отырмыз: әйелдердің жұмыс істеуі әлеуметтік нормаға айналған, алайда бүкіл отбасыға ананың жауапты болуы да әлі де сақталып отыр.
Бірақ бұл сандардың артында кім тұр? Қандай әлеуметтік топтар патриархалдылыққа бейім, ал қайсысы заманауи көзқарасты қолдайды?
- Гендерлік айырмашылық бар, бірақ ол айқын емес. 1-диаграммада көрсетілгендей, ерлер мен әйелдердің бағалауы шамамен бірдей, бірақ айырмашылықтар да бар: корреляциялық талдау теріс, әлсіз, бірақ статистикалық тұрғыдан мәнді байланыс көрсетеді (Спирман = -0,049), яғни ерлер бұл стереотипке сәл көбірек бейім.
- Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық минималды. Қалада респонденттердің 38,3% — ы, ал ауылда 37,2% — ы келісім білдірді (2-диаграмма). Басқаша айтқанда, қала мен ауыл арасында айтарлықтай айырмашылық байқалмайды, әйел рөлі туралы көзқарас ұқсас.
- Білім деңгейі жоғарылаған сайын бұл стереотиппен келісушілер азаяды. Дегенмен сурет біркелкі емес. Дәстүрлі ұстанымдағылар – орта немесе кәсіптік білімі барлар: 42,2% келіседі (3-диаграмма). Жоғары білімі барлар арасында 33,7% келіседі. Корреляция әлсіз, бірақ мәнді (Спирман = -0,057).
- Жас – негізгі фактор. Жас ерекшелігі бойынша айырмашылық ең айқын. Жасы ұлғайған сайын «ананың жұмысы балаға зиян» деген пікірді қолдайтындар саны артады. 18–29 жас аралығындағылардың үштен бірі (32%) келіссе, аға буында бұл көрсеткіш – 47,5%. Корреляция оң және мәнді (Спирман = 0,088). Жас ұрпақ жұмыс істейтін ананы қалыпты
нәрседеп қабылдайды, ал үлкендер әлі де аналықтың ескі идеалын ұстанады.
Логистикалық регрессия корреляциялық талдауды растайды: жас пен білім – патриархалдылық пен заманауилықты айқындайтын ең күшті факторлар, яғни олар – жұмыс істейтін анаға деген көзқарасқа ең көп әсер ететіндер. Ал жыныс пен тұрғылықты жер айтарлықтай өзгеріс енгізбейді.
Әлемнің түрлі елдеріндегі әлеуметтанулық зерттеулер жұмыс істейтін ананың балаларға теріс әсері жоқ екенін дәлелдейді. Тағы бір маңызды нәрсе – қолдаудың болуы. Егер мемлекет пен қоғам әйелдердің қосарлы жүктемесін азайтқысы келсе, бірнеше қадам қажет. Бұл – балабақшаларды, ұзартылған күн топтарын, қолжетімді күтім қызметтерін дамыту; жұмыспен және отбасымен үйлестіруге мүмкіндік беретін икемді еңбек түрлерін енгізу; ең бастысы – әкенің рөлін күшейту. Әкенің белсенді қатысуы – ананы қолдау ғана емес, ол берік отбасы мен балаға көбірек мүмкіндік береді. Сонымен, көзқарастармен жұмыс маңызды: жұмыс істейтін ананың балаларға қауіп емес, бүкіл отбасы үшін ресурс екенін медиа мен білім беру салалары көрсетуі қажет. Еңбек пен қамқорлық ортақ жауапкершілікке айналғанда, қосарлы жүктеме жеңілдіксіз қалыпты жағдай болудан шығып, тең серіктестік сипатына ие болады.



[i] Hochshild, Arlie Russel, and Anne Mashung. The second shift: working parents and the revolution at home. Penguin, 2012
[ii] Қазақстан постсоциалистік мұра, дамушы нарықтардың динамикасы және патриархалды нормаларымен ерекшеленетін аралас сипаттағы ел болып табылады.
[iii] Әлеуметтанулық сауалнама 2024 жылғы 11 мамыр мен 22 маусым аралығында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ тапсырысы бойынша өткізілді. Іріктеме көлемі – 8 101 респондент. Сауалнамаға 18 жастан асқан, еліміздің 17 өңірі мен республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан қатысушылар тартылды.


